Маңғыстау, Абай мен Алматының дәмі: Астанадағы жәрмеңкеде 400 тонна өнім сатылады

Астаналықтар алдағы демалыс күндері Маңғыстау, Алматы және Абай облыстарының өнімдерін тікелей өндірушілерден сатып ала алады. 26-27 қыркүйек күндері елордада өңірлердің ауылшаруашылық жәрмеңкесі жалғасады, деп хабарлайды Kursiv.media.
400 тоннадан астам өнім әкелінеді
Астана әкімдігінің мәліметінше, үш облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жәрмеңкеге 400 тоннадан астам өнім жеткізеді.
Оның ішінде:
- 170 тонна көкөніс пен жеміс-жидек;
- 100 тонна ет және ет өнімдері;
- 40 тонна бал;
- 25 тонна сүт өнімдері;
- 17 тонна бақша өнімі;
- 10 тонна балық;
- 40 тоннадан астам басқа да азық-түлік бар.
Жәрмеңкеде тұрғындарға ет, балық, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек сияқты азық-түлік түрлері ұсынылады. Өнімдердің өндірушілерден тікелей сатылуы делдал шығынын азайтып, тауарды қолжетімді бағамен ұсынуға мүмкіндік береді.
Жәрмеңке қайда өтеді
Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында ұйымдастырылады. Жәрмеңке екі күн бойы 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Тұрғындар мен қала қонақтарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңке өтетін орынға №18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынайды.
Жәрмеңкелер қазан айының соңына дейін өтеді
Өңірлік жәрмеңкелер Астанада әр демалыс сайын 25 қазанға дейін ұйымдастырылады. Келесі жәрмеңкелердің кестесі:
- 26–27 қыркүйек — Абай, Алматы және Маңғыстау облыстары;
- 3–4 қазан — Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары;
- 10–11 қазан — Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары;
- 17–18 қазан — Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстары;
- 24–25 қазан — Қарағанды және Қостанай облыстары.