Маңғыстауда қаза болған әскерилердің отбасына көмек қалай көрсетіледі

Ақтауда Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына әкелген төтенше жағдайдың себептерін тергеу және салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жиында қылмыстық істің тергелуі және қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсету мәселелері қаралды.
ІІМ орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс аясында бес лауазымды тұлға күдікті деп танылып, Ақтаудағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының және катер командирлері бар.
Үкіметтік комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев мемлекет қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына заңда көзделген барлық төлемнің уақытылы жасалатынын айтты. Әр отбасыға атаулы қолдау көрсету үшін жауапты мамандар бекітіледі.
Сонымен қатар, азаматтардың бастамасымен арнайы қорға қажетті қаражат жиналған. Осыған байланысты қаражат жинау жұмысы тоқтатылды.
Жиналған қаржыны отбасылар мен зардап шеккендерге ашық әрі атаулы түрде бөлу үшін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов басқаратын арнайы комиссия құрылды.
Қаражаттың мақсатты жұмсалуын құқық қорғау және мемлекеттік органдар бақылайды. Тергеу мен көмек көрсету жұмыстары Үкіметтік комиссияның бақылауында болады.
Бұған дейін Каспий теңізіндегі 14 жас әскерилердің қазасына қатысы бар деген күдіктілер ұсталды. Олар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға қолбасшылық құрамының жауапты лауазымды тұлғалары.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.
Бүгін Қазақстан 14 сарбаздың қаза болуына байланысты аза тұтып жатыр.