Қарулы күштер ардагерлері қаза болған әскери қызметшілердің отбасына көңіл айтты

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қоғамдық бірлестік өкілдері марқұмдардың әскери антқа адал болып, Отан алдындағы борышын орындау кезінде қаза болғанын атап өтті. Олардың айтуынша, әскери қызметшілер күрделі жаттығулардан өтіп, түрлі сынақтарға төтеп беріп, жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындықтан өткен.
«Сарбаздарымыз Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, елге қызмет етудің үлгісін көрсетті. Олардың қазасы – ата-анасы, жары, балалары, туған-туыстары мен достары үшін орны толмас қайғы», – делінген ақпаратта.
Бірлестік қаза болған әскери қызметшілердің отбасы мен жақындарына, сондай-ақ қаруластарына қайғырып көңіл айтып, марқұмдардың есімі мен жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
Бұған дейін Каспий теңізіндегі 14 жас әскерилердің қазасына қатысы бар деген күдіктілер ұсталды. Олар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға қолбасшылық құрамының жауапты лауазымды тұлғалары.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.
Бүгін Қазақстан 14 сарбаздың қаза болуына байланысты аза тұтып жатыр.