Қорғаныс министрі Қосанов қаза тапқан сарбаздардың жақындарына көңіл айтты

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Маңғыстау облысында суға кетіп қаза тапқан жауынгерлердің жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
“Бүгін елімізде жалпыұлттық аза тұту күні. Өз атымнан, Қорғаныс министрлігі және Қарулы күштердің барлық жеке құрамы атынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын», – деді Қорғаныс министрі.
Министр қайғылы оқиғадан кейін қоғам тарапынан туындаған сұрақтарды түсінетінін айтып, ведомствоның жауапкершілігін атап өтті.
«Мен отбасылардың қайғысын түсінемін. Қоғамның бізге қойып отырған талаптары мен сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Ата-аналар бізге өз ұлдарын сеніп тапсырды. Бүгінде олардың орны толмас қазасы туралы айту мен үшін де өте ауыр», – деді ол.
Даурен Косановтың айтуынша, қазір қайғылы оқиғаның себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.
«Кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Біз қаза тапқандардың отбасыларымен үнемі байланыстамыз және оларға қажетті көмектің барлығын көрсетіп жатырмыз», – деп қорытындылады ол.
Косанов Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілер, олардың отбасылары және қоғам алдындағы өз міндетін толық түсінетінін айтты.
Бұған дейін Каспий теңізіндегі 14 жас әскеридің қазасына қатысы бар деген күдіктілер ұсталды. Олар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға қолбасшылық құрамының жауапты лауазымды тұлғалары.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.
Бүгін Қазақстан 14 сарбаздың қаза болуына байланысты аза тұтып жатыр.