Құрылтай депутаттары әскерилердің отбасына 146 млн теңге бөледі

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Құрылтай депутаттары әскерилердің отбасына 146 млн теңге бөледі
Фото: KursivMedia

Құрылтай бюросының отырысы Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды, деп хабарлайды Kursiv Media.

Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

«Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза табуы халқымыз үшін үлкен қайғы. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Барша депутаттардың атынан қаза тапқандардың отбасыларына терең көңіл айтамын», – деді Айбек Дәдебай.

Құрылтай төрағасы мен депутаттары қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмектесу үшін ерікті түрде қаражат жинау бастамасын қолдады. Қазіргі уақытта 146 млн 650 мың теңге жеке қаражат жиналды. Ол «Ұлттық рух» қорына аударылатын болады. Қаражат жинау әлі де жалғасуда.

Олардың қатарында депутаттар Айдарбек Ходжаназаров, Руслан Идрисов, Мейірхат Қасымбаев, Бекжан Айтқұлов, Махамбет Хасенов 20 млн теңгеден берді; Депутаттар Дана Медеуова, Айжан Наимбекова және Бауыржан Джамалов 10 млн теңгеден; Депутаттар Тұрарбек Тілемісов, Мұратбек Мұхамбедиев, Муса Хайруллиев 5 млн теңгеден, Бегалы Ералиев 500 мың теңге бөлді.

Бұған дейін «Әділет» партиясы әскери қызметшілердің отбасыларына 1,5 млрд теңге аударатынын хабарлаған еді.

Ал Халық кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскерилердің отбасыларына 815 млн теңге бағыттамақ.

Сондай-ақ кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов әскери қызметшілердің отбасыларына 50 млн теңге қаржылау көмек көрсетуге дайын екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз