Қытай инвесторлары Қазақстанда робот жасайтын зауыт ашпақшы

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: scmp.com

Қытайлық Ubitech Robotics қазақстандық компаниямен бірлесіп, гуманоидты робот шығаратын зауыт ашпақ. Бұл туралы Ubitech серіктесі, Nero Group компаниясының бас директоры Ерлан Набиев айтты, деп хабарлайды Kursiv Media.

Ubitech Robotics – 2012 жылы Қытайдың Шэньчжэнь қаласында негізі қаланған, робототехникасын іске қосуда әлемдегі бірінші орындағы компаниялардың бірі. Биыл 440 млн доллар инвестиция салып, отандық Nero Group компаниясымен бірлесіп Алматыда робот өндіретін зауыт ашады.

Бұл бірнеше жобаны біріктірген инвестициялық кешен болмақ. Яғни зауытта гуманоидты роботтардан бөлек, роботехникалық жиынтық та шығарылады.

«Бұл – ең алдымен өндірістік бөлікті ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын, бағдарламалауды қамтитын және көптеген жұмыс орындарын ашуға бағытталған жоба. Сондай-ақ ірі өндірістік алаң болады. Ол үшін көлемі шамамен 25 мың шаршы метр болатын үлкен орталықты салып жатырмыз», – деді компания басшысы Ерлан Набиев журналистерге берген сұхбатында.

Мектептерде отандық роботехника жиынтықтары болады

Набиев сөзінше, зауытта шығарылған роботтарды ең әуелі білім беру және қызмет көрсету салаларында пайдаланбақшы. Яғни олар өндірісте, логистика саласында жұмыс істейді, тіпті мектептерде білім беру процесіне де қолданбақ. Жоспар бойынша, Алматы әкімдігінің тапсырысымен жыл сайын 50 мың роботехникалық жиынтық шығарылуы керек. Бұл жоба қазан айынан басталады. Жиынтықтар Алматыдағы 30 мектепке таратылады. 2028 жылы тағы 200 мектеп роботехникалық топтамалармен қамтамасыз етіледі. Олар арқылы балалар сабақта робот құрастыруды, бағдарламалауды, ЖИ-мен жұмыс істеуді үйренеді.

«Ең бастысы олар отандық қазақ роботтарын құрастыратын болады», – дейді Nero Group басшысы.

Ал келесі жылдың екінші тоқсанынан бастап зауытта гуманоидты роботтар құрастырылады. Жылына 1000 робот жасалады деген жоспар бар. Ерлан Набиевтің сөзінше, роботтар ғана емес олардың бағдарламалық жасақтауы да Қазақстанда әзірленеді.

«Біздің мақсатымыз – роботтар адамның орнын басу емес, адамға көмекші болуы тиіс. Роботтарды ойын-сауық саласына емес, ең алдымен білім беру және қызмет көрсету салаларында қолдануға бағыттап отырмыз», – деп атап өтті спикер.

Қазір Nero Group компаниясы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Сәтбаев университеті сияқты оқу орындарымен байланыс орнатып жатыр. Аталған универсиеттердегі ғалымдарды роботехника саласындағы жұмыстарға тартпақ.

Екі тараптың бірлесіп жұмыс істеуі былтыр қарашада басталған. 2025 жылы қарашада Алматы қаласы әкімдігінің ұсынысымен Nero Group өкілдері Ubitech Robotics басшылығымен кездесті. Ал биыл Тоқаев қатысуымен Шанхайда өткен Қазақстан-Қытай форумында Ubitech Robotics компаниясымен бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз