44–53 жыл еңбек еткен қазақстандықтар мемлекеттік награда алды

Жарияланды
фото: премьер-министрдің баспасөз қызметі

Қазақстанда жыл басынан бері 475 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Қазір электрондық еңбек биржасында 800 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Бұл туралы Еңбек күні қарсаңында өткен «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасында айтылды, деп хабарлайды Kursiv Media премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, жұмыспен қамту, маман даярлау және өндірістік қауіпсіздық саласында қолданылып жатқан цифрлық шешімдермен танысты.

Жұмыссыз азаматтарға вакансия автоматты түрде ұсынылады

Үкіметке жұмыспен қамтылмаған азаматтарды автоматты түрде анықтап, оларға бос жұмыс орындарын ұсынатын цифрлық платформа таныстырылды.

Жоба әзірге Павлодар және Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде жұмыс істеп, 59 мыңнан астам адамды қамтыған. Қарашадан бастап жүйені басқа өңірлерге тарату жоспарланған.

Астана әкімдігі де Joltap бағдарламасының нәтижесін таныстырды. Бағдарлама арқылы 22,2 мың адам жұмысқа орналасуға және цифрлық дағдыларға үйретілген. Оның 60%-ы жұмыс тапқан, ал 2 мыңға жуық адам өз кәсібін ашқан.

Колледж түлектерінің 93%-ы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында студенттер, оқытушылар мен жұмыс берушілерді байланыстыратын цифрлық дуальды оқыту платформасы іске қосылған.

Мәселен, Астана қаласындағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі түлектерінің 93%-ы алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.

Қазір дуальды оқыту жүйесіне 552 колледждің 138 мың студенті және 11 мыңға жуық кәсіпорын қатысады. Бұған қоса, 43 мың студент жұмыс берушілердің мақсатты тапсырысы бойынша білім алып жатыр.

Үкімет жыл соңына дейін кәсіптік стандарттармен 600 жұмысшы мамандығын қамтуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге еңбек нарығындағы өзгерістер мен жаңа технологияларды ескеретін жаңа жұмыспен қамту бағдарламасы әзірленіп жатыр.

фото: премьер-министрдің баспасөз қызметі

Өндірісте «ақылды каска» қолданылады

Іс-шарада өндірістік қауіпсіздікке арналған бірнеше технология да көрсетілді. Олардың қатарында электрондық наряд-рұқсат жүйесі, жүргізушілердің жағдайын бақылау құралдары және құрылыс нысандарындағы жарақаттың алдын алуға арналған бейнеаналитикасы бар «ақылды каска» бар.

Үкімет мәліметінше, қазір Қазақстанда 9,4 млн адам еңбекпен қамтылған.

Еңбек адамдары мемлекеттік награда алды

Іс-шара соңында түрлі салада ұзақ жыл еңбек еткен азаматтарға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградалар табыс етілді.

«Құрмет» орденімен марапатталғандар:

  • Тұрғынжан Аутов – «Алматыэлектротранс» троллейбус жүргізушісі, еңбек өтілі – 44 жыл;
  • Айдарбек Ақтанбердиев – «Метрополитен» монтері, 44 жыл;
  • Арыстанқали Байымбетов – «Қазақойл Ақтөбе» бөлім басшысы, 39 жыл;
  • Константин Башкиров – «Степногорск подшипник зауыты» станокшысы, 43 жыл;
  • Айжан Беркінбаева – Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы, 28 жыл;
  • Сәкен Ділдәбаев – «KARLSKRONA LC AB» токарі, 44 жыл;
  • Валентина Зенкина – «Galex Plus» шебері, 52 жыл;
  • Шайхула Зиганшин – «Galanz bottlers» аға машинисі, 47 жыл;
  • Кеңес Ысқақов – «Жәйрем» кен-байыту комбинаты кенішінің бұрғылау қондырғысы машинисі, 36 жыл;
  • Аян Қайыр – «Кедентранссервис» Павлодар филиалының бас инженері, 30 жыл;
  • Владимир Крайсман – «Нұр-Авиценум» медициналық орталығының құрылтайшы-директоры, 53 жыл;
  • Оралбай Кұсайынов – «Семізбай-U» компаниясының «Семізбай» кенішіндегі слесарь, 33 жыл;
  • Салмен Нұрмағанов – «Астана-Зеленстрой» машинисі, 47 жыл;
  • Өркен Станбеков – «Жамбыл электр жүйесі» электр монтері, 34 жыл;
  • Бекжан Сыздықов – «Сәтпаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорнының» жүргізушісі, 37 жыл;
  • Қанатбек Теміров – «KSP Steel» Павлодар филиалының слесарь-жөндеушісі, 40 жыл;
  • Қайрат Шағырбай – «ҚТЖ – Жүк тасымалы» Түркістан пайдалану локомотив депосының машинисі, 15 жыл;
  • Бейбітгүл Шонкенова – Тарбағатай ауданының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері, 36 жыл.
Сондай-ақ оқыңыз