Қазақстан мен Грузия Орта дәлізді кеңейтпек

Жарияланды
ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан мен Грузия Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және Орта дәліздің өткізу мүмкіндігін кеңейту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Kursiv Media. Бұл тақырып Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында өткен кездесуде көтерілді.

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Грузия премьер-министрінің орынбасары әрі сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен кездесті. Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

Орта дәлізге басымдық берілді

Кездесуде негізгі назар Транскаспий халықаралық көлік бағытына аударылды. Қазақстан мен Грузия Орта дәліз арқылы жүк тасымалын ұлғайтып, бағыттың өткізу мүмкіндігін арттыру жолдарын талқылады.

Орта дәліз Қытайдан Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан мен Грузия арқылы Еуропаға жүк жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстан СІМ дерегіне сәйкес, кейінгі бес жылда осы бағыттағы жүк тасымалы алты есеге жуық өскен: 2020 жылғы 0,8 млн тоннадан 2024 жылы 4,5 млн тоннаға дейін жеткен. 2025 жылы бағыт арқылы 4,1 млн тонна жүк тасымалданды.

Қазақстан, Әзербайжан және Грузия маршрутты дамыту үшін Middle Corridor Multimodal бірлескен компаниясын да құрған. Ол бірыңғай тариф, жүкті декларациялау, IT-жүйелерді біріктіру және транзиттік жүкті шоғырландыру мәселелерімен айналысады.

Румыниямен де көлік пен энергетика талқыланды

Мұхтар Тілеуберді Нью-Йоркте Румыния сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Оана-Сильвия Цоюмен де кездесті. Тараптар энергетикалық қауіпсіздық, инвестиция, көлік пен логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін қарастырды.

Сондай-ақ оқыңыз