Қорғаныс министрі қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті

Жарияланды
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты / фото: Қорғаныс министірлігі

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына барып, көңіл айтты, деп хабарлайды Kursiv Media ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, министр қаза болған сарбаздардың туған-туыстары және жақындарымен кездескен. Қосанов олардың қайғысына ортақ екенін айтып, Қорғаныс министрлігі отбасыларға қажетті көмек көрсететінін жеткізді.

«Олар біз үшін жай ғана әскери қызметшілер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз», – деді Дәурен Қосанов.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.

Ведомство олардың әскери қызмет барысында тәртіпті әрі жауапты сарбаз ретінде танылып, әскери міндеттерін атқарғанын мәлімдеді.

Қосанов қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты. Қорғаныс министрлігі туындаған мәселелерді шешуге көмектесіп, отбасылармен тұрақты байланыста болатынын мәлімдеді.

Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған еді. Қорғаныс министрлігі де қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Сондай-ақ оқыңыз