Қазақстан үшін тарихи күн: Тимур Турлов ФИДЕ президенті болып сайланды

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) президенті болып сайланды. Ол дауыс берудің екінші кезеңінде жеңіске жетті. Сайлау 26 қыркүйекте Самарқандта ұйымның Бас ассамблеясы аясында өтті.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp. бас директоры 196 дауыстың 110-ын жинады.
Сайлауалды науқан кезінде Тимур Турлов FIDE-ні дамыту бағдарламасын ұсынған. Оның бастамалары қатарында даму қорын құру, халықаралық шахматты қаржыландыруды арттыру, цифрландыру, маркетинг пен коммуникация бағыттарын күшейту, сондай-ақ ұлттық федерацияларды қолдау бар.
«Бәріміз ұмтылатын ең үлкен мақсат — Олимпиада бағдарламасына жақындай түсу. Мен FIDE ішінде ауызбіршілік болғанын және алдағы төрт жылда әр федерация бірлесіп қол жеткізетін өзгерісті сезінгенін қалаймын. FIDE барынша цифрлық, кәсіби әрі заманауи ұйымға айналып, беделі мен ықпалын арттырса деймін. Сондай-ақ цифрлық әлемде өз орнын табуы керек. Цифрландыру саласындағы тәжірибемді FIDE жұмысына қолданып, ұйымға қуатты цифрлық платформа құруға және осы тарихи әрі заманауи ойынның көшбасшысы әрі реттеушісі ретінде мойындалуына көмектескім келеді», — деді Freedom Holding Corp. бас директоры.
FIDE президентінің міндетін уақытша Вишванатан Ананд атқарып келген. Ол бұл қызметке 2026 жылғы шілдеде кіріскен.

FIDE президентін сайлау төрт жылда бір рет өтеді. Дауыс беруге ұлттық шахмат федерациялары қатысады және әр федерацияның бір ғана дауысы бар. Сайлау жасырын дауыс беру арқылы өтеді.
Тимур Турловтың сайлаудағы қарсыластары германиялық кәсіпкер Ян Хенрик Бюттнер және Вадим Розенштейн болды. Олардың президенттік тізімінде орынбасар ретінде тиісінше Малкольм Пейн мен Гордон Танг көрсетілген. Ал Тимур Турлов Вишванатан Анандпен бірге сайлауға түсті.
Бұған дейін FIDE президенттігіне үміткерлердің сайлауалды дебатында Тимур Турлов арнайы қор құрып, шахматты дамытуға $6 млн-нан астам инвестиция салу жоспарын таныстырған. Бұл қаражаттың бір бөлігі әлемдегі шағын шахмат федерацияларын қолдауға бағытталмақ. Тағы бір кандидат Вадим Розенштейн дебатты мерзімінен бұрын тастап кеткен.
Кейін Еуропалық шахмат одағы сайлауға қатысты өз ұстанымын жариялады. Ұйым институционалдық бейтараптықты сақтайтынын мәлімдеп, Розенштейннің сайлауалды науқанынан алшақ екенін атап өтті.