Қытай Си Цзиньпин мен Трамп кездесуінен кейін АҚШ-қа екі алып панда жөнелтті

Жарияланды
Фото: Синьхуа

Қытай мен АҚШ арасындағы келісім аясында екі алып панда Қытайдан АҚШ-қа жол тартты, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Пин Пин есімді аталық және Фу Шуан есімді аналық панда Чэнду қаласынан Атлантаға ұшып шықты. Олар жергілікті хайуанаттар бағына беріліп, АҚШ-та 10 жыл болады.

Жануарларды АҚШ-қа жіберу туралы Қытай төрағасы Си Цзиньпин АҚШ-қа жасаған мемлекеттік сапары аясында президент Дональд Трамппен кездескен кезде мәлімдеген.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, екі ел арасындағы келіспеушіліктер сақталып отырған тұста пандаларды беру сапардың нақты нәтижелерінің бірі болды.

Атланта хайуанаттар бағында 2024 жылы бұрынғы пандалар Қытайға қайтарылғаннан кейін алып пандалар болмаған.

Қытай бірнеше ондаған жыл бойы шетелдік хайуанаттар бақтарына панда беруді мәдени дипломатия құралдарының бірі ретінде пайдаланып келеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ақ үйде кездесу өткізген. Си Цзиньпин АҚШ-қа үш күндік мемлекеттік сапары аясында Трамп ұйымдастырған ресми қарсы алу рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ оқыңыз