Саида Мирзиеева педофилдерге өлім жазасын қолдануды ұсынды

Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиеева Намангандағы 5 жастағы қызға қатысты қылмыс туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
«Маған Наманганда болған қайғылы жағдай туралы баяндады. Мұны естігенде қатты ашуландым. Меніңше, мұндай сұмдық қылмыстар үшін өлім жазасы қолданылуы керек. Қолданыстағы заңда мұндай жаза қарастырылмағандықтан, жауапкершілікті барынша қатаңдату үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеп жатырмыз», – деп жазды Саида Мирзиеева.
Ол атағандай, тиісті органдарға барлық қажетті тапсырмалар берілген.
«Қылмыс жасаған адам ең қатаң жазаға тартылуға тиіс. Сонымен қатар мұндай жағдайға жол берген, салғырттық танытып, баланы қорғай алмағандардың барлығы да жауапкершілікке тартылуы керек», – деді Саида Мирзиеева.
Бұған дейін Өзбекстанның Наманган облысы Үшқорған ауданында 12 қыркүйекте бес жастағы балаға қатысты зорлық-зомбылық жасалуы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, сот оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Тағы да оқыңыз: Өзбекстанда ерлі-зайыпты қарыздарынан құтылу үшін 14 жастағы ұлын сатпақ болған