150 мың қазақстандық шетелде жұмыс істеп жүр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Шетелдегі қазақстандық еңбек мигранттарының саны шамамен 150 мың адам болып отыр,  деп хабарлайды Kursiv.Media.

2026 жылдың 2-жартыжылдығындағы мәлімет бойынша осынша қазақстандық шетелде жұмыс істейді.   

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің Kursiv.Media cауалына берген жауабында айтылды. Деректер Сыртқы істер министрлігінің мәліметтері және Еуразиялық экономикалық одақ дерекқорынан алынған.

Атап айтқанда, Ресейде – 117 мың, Корея Республикасында – 15 мың, БАӘ-де – 3 мың, Ұлыбританияда 5 мың қазақстандық нәпақа тауып жүр.

Комитет шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқығы қорғалатынын мәлімдеді.

«Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтарын қорғауды Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері қамтамасыз етеді. Мәселен, Қазақстанның Лондондағы, Дубайдағы, Сеулдегі және басқа да қалалардағы консулдықтары төтенше жағдайлар, қамауға алыну, жұмыс берушілермен даулар туындаған кезде отандастардың мүдделерін қорғайды. Құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетеді және заң көмегіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді», – делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, полиция атташелері институты енгізіліп отыр. Қазақстанның бірқатар шет мемлекеттердегі дипломатиялық миссиялары жанынан полиция атташесі лауазымы бекітілді.

Негізгі міндеті – жергілікті құқық қорғау және көші-қон органдарымен тікелей өзара іс-қимыл жасау, қазақстандықтардың қатысуымен болатын құқықтық және көші-қон сипатындағы оқиғаларды жедел шешу, сондай-ақ заңсыз жұмысқа орналасудың жолын кесу.

Айта кететін жайт, Тоқаев СІМ-ге шетелдегі қазақстандықтардың мүдделерін қорғауды тапсырған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз