28,4 трлн теңге: халықтың зейнетақы жинағы қанша табыс әкеліп жатыр

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 28,4 трлн теңгеден асты. Оның басым бөлігін, яғни 28,2 трлн теңгесін Ұлттық банк басқарады. Жеке инвестициялық компанияларға бары-жоғы 151,2 млрд теңге сеніп тапсырылған, деп жазады Kursiv.Media.
Ұлттық банк басқаруындағы қаражаттың негізгі бөлігін Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салған. Бір бөлігіне отандық квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары сатып алынған.
Ақшаның азғантай бөлігі, яғни 1,75%-ы ғана шетелдік мемлекеттік облигацияларға орналастырылған.
Жалпы жинақтың 59%-ға жуығы теңгеде, ал 41%-ы долларда сақтаулы. Соңғы 12 айда Ұлттық банктің негізгі портфелі бойынша кірістілік 6,17% болды. Жұмыс берушілердің жарнасынан құралған жеке портфель бойынша кірістілік 18,65%-ды құрады.
Ал активтерді басқаратын алты жеке компанияның көрсеткіштері басқаша. ИПБ басқаруындағы жалпы зейнетақы активінің көлемі – 151,28 млрд теңге.
Соның ішінде ең көп қаражат – 77,64 млрд теңге Halyk Finance компаниясының сенімгерлік басқаруында. Бұл компания ұстанған инвестициялық саясат 11,82% кіріс алып келген.
Ал ең жоғары 12 айлық кірістілікті 17,05% көрсеткішпен «Сентрас Секьюритиз» қамтамасыз етті. Бұл компанияның сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері шамамен 22,60 млрд теңге.
Қалған жеке басқарушылардың кірістілігі 10,95% бен 13,91% аралығында қалыптасты. Alatau City Invest сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері – 24,12 млрд теңге болса, соның соңғы 12 айдағы кірістілігі – 13,91%.
Ал BCC Invest сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен 19,60 млрд теңгені құрайды. Бұл компания басқаруындағы активтер 10,95% кіріс әкелген.
6,6 млрд теңге активті басқаратын Halyk Global Markets-тің табыстылығы 11,30% құраған.
Сәуір айында ғана жұмыс бастаған Tansar Capital компаниясы 0,74 млрд теңге активті басқарып, 2,43% кірістілік тіркеді.
Жеке басқарушылар шетелдік ETF қорлары мен долларлық құралдарға көбірек арқа сүйейді. Соның арқасында олар Ұлттық банкке қарағанда жоғарырақ кіріс көрсетіп отыр.
Айта кетейік, 7 қыркүйектен қазақстандықтар зейнетақы жинағын түгел жеке компаниялардың басқаруына беруіне рұқсат етілді. Алайда QAMS қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаевтың айтуынша, халық зейнетақы жинағын жеке компанияларға сеніп тапсыруы үшін біраз уақыт керек.