Алматыда 4 балдық жер сілкінісі тіркелді

Алматыда 09:38 кезінде жер сілкінісі сезілді. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Алматы қаласында 3-4 балдық жер сілкінісі болды.
Қарасай ауданында 2-3 балл, Боралдай ауылында 2-3 балл, Өтеген батырда 2 балл тіркелген.
Таңғы алтыдағы жағдай
Бұған дейін Алматының төтенше жағдайлар қызметі жер сілкінгенін жоққа шығарды. Алматы тұрғындары таңертең жер сілкінгенін жазып жатыр.
Мадина Әбілда есімді Threads қолданушысы «Алматылықтар жер сілкінісінен шошып оянып жатырсыздар ма?» деп жазды.
Енді бірі «6:33 кезінде жер сілкінді. Алматы, амансыздар ма?» деп жазып жатыр.
Алайда Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы» Алматыда жер сілкінісі сезілмеді деп мәлімдеген.
Ресми ақпаратқа сәйкес, 28 қыркүйек сағат 06:32-де Қазақстан аумағында сейсмикалық оқиға тіркелген.
«Алматы қаласында жер сілкінісі сезілген жоқ. Алматының ТЖД-ның «112» және «101» нөмірлеріне жер сілкінісіне байланысты оқиғалар мен өтініштер туралы хабарламалар түскен жоқ», – делінген ресми ақпаратта.