
Қазақстанда республикалық және жергілікті бюджет қаражатын қайта бөлу тәртібі өзгерді. Қаржы министрінің 2026 жылғы 23 қыркүйектегі №637 бұйрығымен бюджетті қазынашылық атқару және оған кассалық қызмет көрсету рәсімдеріне бірқатар түзету енгізілді, деп хабарлайды Kursiv.Media. Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енген.
Негізгі өзгерістің бірі – бюджеттік бағдарлама шығысының 15%-ынан аспайтын қаражатты қайта бөлу тәртібіне қатысты. Енді бекітілген немесе нақтыланған бюджет аясында қаражат бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында немесе бір әкімшінің жекелеген бюджеттік бағдарламалары арасында қайта бөлінсе, бұл өзгерістер түзетілген бюджетте көрсетіледі.
Алайда 15% дегеніміз мемлекеттік органның өз бюджетінің осы бөлігін еркін жұмсай алатынын білдірмейді. Мұндай қайта бөлу тиісті бюджет комиссиясының міндетті қарауынан өтуі керек. Содан кейін мемлекеттік қазынашылық немесе жергілікті бюджетті атқарушы орган төлемдер мен міндеттемелер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарларына өзгеріс енгізеді.
Министрліктер қаражатты қаншалықты жиі қайта бөле алады?
Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаражатты бір бағдарламадан екіншісіне қайта бөлу туралы ұсынысты бюджеттік мониторинг нәтижесіне сүйене отырып енгізе алады.
Жаңа тәртіп бойынша мұндай ұсыныс тоқсанына бір реттен жиі берілмеуі тиіс. Ол тоқсанның алғашқы айының 25-іне дейін беріледі. Ал төртінші тоқсанда бюджетті қайта бөлу жөніндегі ұсыныстарды енгізудің соңғы мерзімі – 1 қазан. Ұсынысты Республикалық бюджет комиссиясы қарайды. Бұл ретте бюджеттің жалпы құрылымы өзгермеуге тиіс.
Мысалы, белгілі бір республикалық бағдарламаға жыл басында 100 млрд теңге қарастырылған болса, тиісті талаптар орындалған жағдайда соның 15 млрд теңгеге дейінгі бөлігін басқа бюджеттік бағдарламаға қайта бөлу мәселесі қаралуы мүмкін. Бірақ бұл автоматты түрде жүзеге аспайды: қаражатты қайта бөлуге негіз болуы және тиісті бюджет комиссиясының шешімі қажет.
Инфрақұрылымды дамыту қорына қатысты тәртіп те өзгерді
Бұйрық тек бюджет бағдарламалары арасындағы қаражатты қайта бөлумен шектелмейді. Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражатын пайдалану тетігі де нақтыланған.
Қор қаражаты республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған мемлекеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін тиісті орталық мемлекеттік органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына жіберіледі. Кейін қаражат жергілікті уәкілетті органға, квазимемлекеттік сектор субъектісіне немесе жекелеген жағдайларда автономды білім беру ұйымдары мен олардың денсаулық сақтау ұйымдарына аударылуы мүмкін.
Сонымен бірге Инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік инвестициялық жобаларға заңмен тыйым салынбаған басқа қаржы көздерін де тартуға мүмкіндік берілді. Ол үшін мұндай қаржыландыруды Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдауы қажет.
Құжатта бюджетке артық немесе қате төленген кейбір сомаларды қайтару және есепке жатқызу рәсімдері де жаңартылған. Мұндай соманы есепке жатқызу туралы қорытынды төлеушінің өтініші түскеннен кейін төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал қаражатты қайтару жөніндегі қорытынды сегіз жұмыс күні ішінде дайындалуы тиіс.
Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелердің келісімшарттарын қазынашылықта тіркеу, қаржыландыру көзін ауыстыру, электрондық шот-фактураларды пайдалану және бұрын төленген аванстарды есепке алу рәсімдеріне де өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, өткен жылдардан өтелмеген аванс қалған жағдайда ағымдағы қаржы жылының жаңа аванстық төлемдерін өткізуге жол берілмейді.
Қаржы министрінің №637 бұйрығы бұған дейін, 2025 жылғы 27 маусымда қабылданған бюджетті қазынашылық атқару, кассалық қызмет көрсету, қазынашылық есеп пен мониторинг рәсімдерін белгілейтін №328 бұйрыққа өзгеріс енгізеді. Негізгі рәсімдер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыста.