Қазақстандықтар енді шетелден бес жылдан асқан көлік әкеле алмайды

26 қыркүйектен бастап көлік құралдарының электрондық паспортын рәсімдеу тәртібі өзгерді. Жаңа талаптарға сәйкес, жеке тұлғалар бес жылдан асқан көліктерді Қазақстанға әкеліп тіркей алмайды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Өзгерістерге сәйкес, көлік құралының электронды паспортын рәсімдейтін зертханалар жеке тұлғалардан бес жылдан аспаған және жеке пайдалануға әкелінген көліктердің ғана құжаттарын қабылдайды.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен бес жылдан асқан автокөліктер әкелінген жағдайда, электрондық паспортқа «аяқталмаған» деген мәртебе беріледі. Мұндай көлікті Қазақстанда алғаш рет есепке қою мүмкін болмайды.
Жеке тұлға жылына бір ғана автокөлік әкеле алады
Өзгерістер бұған дейін қабылданған жеке тұлғалардың автокөлік әкелу тәртібін де толықтырады. Жеке пайдалануға жылына бір автокөлік әкелуге рұқсат етіледі. Қажет болған жағдайда салмағы 3,5 тоннаға дейінгі тіркемені немесе автоүйді қосымша әкелуге болады.
Көлікті жеке пайдалануға арналған тәртіппен рәсімдеу қажет. Бұл жағдайда кедендік төлем төленеді. Оның мөлшері есептеу тәсіліне қарай көлік құнының 48%-ын немесе қозғалтқыштың әр текше сантиметрі үшін 1,5 еуроны құрайды.
Заңды тұлғалар үшін тәртіп бөлек, автокөлік көлік құралының типін мақұлдау құжаты (ОТТС) бойынша рәсімделіп, кедендік баж мөлшерлемесі 15% болады.
Кәдеге жарату алымы енді кеденде де рәсімделеді
Тағы бір өзгеріс 22 қыркүйекте күшіне енді. Енді кәдеге жарату алымын төлеуге қажетті құжаттар жолаушылардың кедендік декларациясын толтырғанға дейін, тікелей кедендік бақылау аймағында рәсімделуге тиіс.
Тағы екі шектеу енгізілуі мүмкін
Автокөлік әкелуге қатысты тағы да өзгерістер енгізілуі мүмкін. Көлік министрлігі жеке пайдалануға шетелден көлік пен мотоцикл әкелетіндерге тағы екі талап енгізуді ұсынып отыр. Оған сәйкес, көлік кемінде Еуро-5 экологиялық стандартына сай болуы және бес жылдан аспауы керек.
Бұл талаптар әзірге ұсыныс деңгейінде, яғни күшіне енген жоқ.
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі көлікті тіркеу тәртібін өзгертуді жоспарлап отыр. Ұсыныс бойынша, көлікті алғаш рет оны шекарадан өзі әкелген және кедендік құжаттарда аты көрсетілген адам ғана тіркей алады.
Тағы да оқыңыз: Жеке автосалондарға шектеу қойылса, көлік қымбаттап, таңдау азаюы мүмкін