Қорғаныс министрі армияны реформалаудың негізгі бағытын атады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Қорғаныс министрі армияны реформалаудың негізгі бағытын атады / Фото: Қорғаныс министрлігі

Жаңадан тағайындалған қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов ведомствоның басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Қарулы күштерді дамыту және реформалау бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Негізгі міндеттердің қатарында әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, басқару жүйесін жетілдіру, әскери даярлық сапасын көтеру және қару-жарақ пен техниканы дамыту бар. Министр әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен моральдық-психологиялық ахуалына да ерекше назар аударды. Командирлерге жарғыдан тыс қарым-қатынастың алдын алу, тәрбие жұмысын күшейту және әскери қызмет жағдайын жақсарту тапсырылды.

Әскери даярлықты заманауи талаптарға бейімдеу де маңызды бағыт ретінде белгіленді. Оқу-жаттығу кезінде қазіргі қақтығыстардың тәжірибесін, ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау және байланыс технологияларын қолдану тәсілдері ескерілуі тиіс.

Бұдан бөлек, әскерді басқару үдерістерін цифрландыру, артық әкімшілік рәсімдер мен есептілікті қысқарту жоспарланып отыр. Босатылған ресурстар Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталмақ.

Қорғаныс министрі бюджет қаражатын тиімді пайдалануды және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді әскердің нақты қажеттілігіне қарай ұйымдастыруды тапсырды.

«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деді Айдос Мырзахметов.

Кеңесте, сондай-ақ, президенттің тапсырмасымен Қорғаныс министрлігінің қызметіне жүргізіліп жатқан кешенді тексеру барысы қаралды.

Айта кетейік, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа қорғаныс министріне нақты тапсырмалар берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз