Садраддин концертінде Маңғыстауда қайтыс болған сарбаздарға ән арнады

Садраддин 27 қыркүйекте Алматыдағы Орталық Стадионда концерт өткізді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Концерт белгіленген уақыттан жарты сағат кешігіп, 19:30-да басталды. Әнші ғарышкер бейнесінде скафандр киіп, сахнаға жоғарыдан түсті. Кешті бірден «Үйге», «Грустный танец» әнімен бастады.
Ал екінші бөлімін лирикалық әндеріне арнаған. Стадионның дәл ортасында құрастырылған екінші сахнаға келіп, Маңғыстауда қайтыс болған сарбаздар жайлы бірауыз сөз айтып, оларға арнап «Ант» әнін орындады. Одан әрі «Ана», «Түн» әндерін шырқады.
Әнші екі сағат ішінде бас-аяғы 20-ға жуық әнін орындады, оның ішінде жаңа тректер де бар. Ливан әншісі Махер Зейн, украин орындаушысы Adro, қырғыз рэпері Bakr-мен бірге дуэт жасады. Айта кету керек, концерт жарнамасында ИК тобы келетіні жазылған еді. Бірақ әйгілі топ сахнадан көрінбеді.
Еске салайық, Садраддиннің кеші 26 және 27 қыркүйекте өту керек болған. Бірақ Маңғыстаудағы 14 сарбаздың қазасынан кейін елде 25 қыркүйекте қаралы күн жарияланды. Осыған орай әнші концерттерін 27, 28 қыркүйекке ауыстырды.