Студенттерден ақша жинаған жатақхана коменданты екі жылға сотталды

Астанада жоғары оқу орындарының біріндегі жатақхана коменданты студенттер мен қызметкерлерден заңсыз ақша жинағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Сот мәліметінше, әйел бес жыл бойы студенттер мен қызметкерлерден ай сайын 14 300 теңгеден жинап отырған. Ол ақшаны университет басшылығының тапсырмасы бойынша алып жүргенін айтқан. Алайда сот оқу орны басшылығы оған мұндай тапсырма бермегенін анықтады. Келтірілген шығын көлемі 3 млн теңгеден асқан.
Сонымен қатар, комендант шетел азаматтарына жалған құжаттар арқылы бір жылға тіркеу рәсімдеген. 2024 жылғы 16 қыркүйек пен 2025 жылғы 13 ақпан аралығында жатақханада осындай жолмен 57 адам тіркелген. Әр адамнан ол 40 мың теңгеден алған.
Әйел өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған. Прокурор төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот оған екі жыл колонияда жазасын өтеу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, үш жыл бойы ұйымдық-шаруашылық қызметке байланысты лауазымдарды атқаруына тыйым салынды.
Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушының бұрын сотталмағанын және кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескерген. Жәбірленуші тараптың талап-арызы да қанағаттандырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, енді жатақханадағы бос орындарды платформадан бақылап отыруға болады.