106 млн теңге: алаяқтық іс бойынша Қазақстан азаматы Ресейден экстрадицияланды

106 млн теңгеден астам ақшаны алаяқтық жолмен қалтаға басты деген күдікке ілінген азамат Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Бас прокуратура мәліметінше, 2021-2022 жылдары ер адам шетелден көлік сатып алып, жеткізіп беруге уәде берген. Ол үш адамды алдап, олардың ақшасын иемденді деген күдік бар.
Кейін күдікті бой тасалап, халықаралық іздеу жарияланған. 2026 жылғы наурызда ол Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге жеткізілді.
Қазір күдікті тергеу изоляторында отыр. Оған тағылған қылмыс бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.
Бұған дейін 100 млн теңгеден астам қаражат жымқырған алаяқ Грузиядан Қазақстанға жеткізілген еді. Ол Кипрден пәтер сатып алуға көмектесемін деген сылтаумен Қазақстан азаматынан 100 млн теңгеден астам ақша алған.