Айбек Оралбай Азия ойындарының финалына шығу үшін үнді боксшысымен жұдырықтасады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: olympic.kz

Бүгін, 29 қыркүйекте Қазақстан құрамасының боксшысы Айбек Оралбай Aichi-Nagoya 2026 Азия ойындарының жартылай финалында шаршы алаңға шығады. +90 келі салмақта өнер көрсететін отандасымыз финал жолдамасын Үндістан өкілі Нарендермен сарапқа салады. Жекпе-жек Қазақстан уақытымен сағат 11:00-де басталады. 

Айбек Оралбай ширек финалда Қырғызстан өкілі Мирзакир Кошалиевті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңген. Ал Нарендер Таиланд боксшысы Адтхапонг Саенгтепті бірінші раундта мерзімінен бұрын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. 

Қазақстан құрамасынан бұдан бөлек Төрехан Сабырхан мен Махмұд Сабырхан да жартылай финалға өтті. 70 келіде жұдырықтасатын Төрехан ширек финалда Ирак өкілі Али Касим Хамдан Аль-Саррайды бірінші раундта нокаутқа түсірді. Енді ол 30 қыркүйекте өзбекстандық Шавкатжон Болтаевпен финал жолдамасына таласады. 

55 келідегі Махмұд Сабырхан ширек финалда Оңтүстік Корея өкілі Шин Джэёнды 3:1 есебімен жеңді. Оның жартылай финалдағы қарсыласы – Филиппин боксшысы Карло Паалам. Бұл кездесу де 30 қыркүйекте өтеді. 

Осылайша ерлер арасындағы бокстан Қазақстанның үш өкілі – Айбек Оралбай, Төрехан Сабырхан және Махмұд Сабырхан Азия ойындарының жартылай финалына жетіп, кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті. Әйелдер арасында Алуа Балқыбекова мен Наталья Богданова да жартылай финалда өнер көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз