Алматылықтар азық-түлікке ең көп ақша жұмсайтын өңірге айналды (инфографика)

Қазақстандықтар тұтынуға жұмсаған әр 100 теңгенің шамамен 54 теңгесін азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға шығындайды. 2026 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш ел бойынша 53,7% болды, деп хабарлайды Kursiv Media.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, сәуір-маусым айларында бір қазақстандық тамақ өнімдеріне орта есеппен 174 625 теңге жұмсаған. Айға шаққанда бұл шамамен 58,2 мың теңге.
Алайда өңірлер арасындағы айырма айтарлықтай.
Азық-түлік шығыны бюджетке ең көп салмақ түсіретін өңір – Жетісу облысы. Мұнда тұрғындардың тұтынуға жұмсаған әр 100 теңгесінің 67,4 теңгесі тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындарға кеткен. Бір адам үш айда азық-түлікке орта есеппен 192 723 теңге жұмсаған.
Қай өңірде азық-түлік бюджетке көбірек салмақ түсіреді?
Тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындарға жұмсалған шығын. Пайыз — өңірдегі жалпы тұтыну шығысындағы үлесі.
Алматыда азық-түлікке жұмсалатын сома ең жоғары — 228 783 теңге. Бірақ оның тұтыну шығысындағы үлесі 49,7%. Жетісуда сома төменірек — 192 723 теңге, есесіне азық-түлік барлық тұтыну шығысының 67,4%-ын алады.
Жетісудан кейін Маңғыстау облысы тұр – 61,4%. Атырау облысында азық-түліктің тұтыну шығысындағы үлесі 59,3%, Алматы облысында 58,6%, Шымкентте 58,5% болды.
Жалпы 20 өңірдің 12-сінде азық-түлікке кететін шығынның үлесі республикалық орташа деңгейден жоғары.
Ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Мұнда азық-түлік барлық тұтыну шығысының 47,2%-ын алады. Павлодар облысында – 48,6%, Қарағанды облысында – 48,5%, Астанада – 49,2%.
Бір қызығы, азық-түлікке нақты қанша ақша жұмсалатыны оның бюджеттегі үлесін әрдайым көрсете бермейді.
Мәселен, Алматыда бір адам үш айда азық-түлікке 228 783 теңге жұмсаған. Бұл – елдегі ең жоғары сома. Бірақ ол алматылықтардың жалпы тұтыну шығысының 49,7%-ын ғана құрайды.
Ал Жетісу облысында ақшалай шығын Алматыдан 36 мың теңгеге аз болғанымен, азық-түлік тұтыну бюджетінің 67,4%-ын алып отыр.
Екі шеткі өңірдің айырмасы да айқын: Жетісуда азық-түлік үлесі Солтүстік Қазақстан облысынан 20,2 пайыздық тармаққа жоғары.
Азық-түлікке жұмсалған ақшаның абсолют көлемі бойынша Алматыдан кейін Шығыс Қазақстан облысы – 206 217 теңге, Қарағанды облысы – 193 796 теңге және Астана – 193 237 теңгемен тұр.
Ең аз сома Қызылорда облысында тіркелген – тоқсанына бір адамға 127 649 теңге. Алайда бұл өңірде де азық-түлік жалпы тұтыну шығысының жартысынан астамын – 51,9%-ын құрайды.
Біз қыркүйекте ІІ-ші тоқсандағы Қазақстанда орташа жалақының 486 мың теңге екенін де жазған болатынбыз.