АҚШ шетел азаматтарына қатысты визалық шектеулердің жаңа ережесін енгізді

Жарияланды
АҚШ төрт ел азаматтарына виза шектеуін енгізді / фото: shutterstock

АҚШ мемлекеттік департаменті бірқатар ел азаматтарына визалық шектеу ережесін күшейтті. Сыбайлас жемқорлық немесе есірткі айналымына қатысы бар, Батыс жарты шардағы демократиялық үкіметтерге нұқсан келтіреді деген шетелдіктерге ереже енгізілді, деп хабарлайды Kusiv Media.

Жаңа саясат АҚШ-тың иммиграция және азаматтық туралы заңына негізделген. Бұл заң америкалық сыртқы саясатқа елеулі кері әсер етуі мүмкін деген шетел азаматтарының елге кіруіне тыйым салуға мүмкіндік береді.

АҚШ мемлекеттік департаменті жаңа механизмді тұрақты түрде қолдануға болатынын және тиісті дәлелдер пайда болған жағдайда визалық шектеулер енгізілетінін мәлімдеді. Алғашқы шаралар Боливия, Колумбия, Эквадор және Перу азаматтарына қатысты қабылданды.

Боливияның 12 азаматы мен олардың отбасы мүшелерінің визалары жойылды. Олардың арасында бұрынғы әділет министрі Иван Лима, судьялар, прокурорлар, полиция полковнигі және кәсіпкер бар.

Бұдан бөлек, Боливияның тағы тоғыз азаматы АҚШ визасын алу мүмкіндігінен айырылды. Сондай-ақ АҚШ билігі Колумбия кәсіпкері Эвклидес Торрес Ромеро мен сенатор Марта Перальта Эпиеяның, Эквадордың аты аталмаған екі азаматының және Перу судьясы Хуан Карлос Нуньес Матостың визаларын жойды. Шектеулер олардың отбасы мүшелеріне де қатысты.

АҚШ Боливияның бас прокуроры Роджер Мариакеге және оның жақын туыстарына елге кіруге тыйым салды. Мемлекеттік департамент оны есірткі тасымалына ықпал ету және зорлық-зомбылық қылмыс жасаған адамдардың жауапкершіліктен құтылуына көмектесу үшін пара алды деп айыптады. Мариакенің бұл айыптауларға қатысты ұстанымы мәлімдемеде көрсетілмеген.

Бұл АҚШ-тың Латын Америкасы елдерінің азаматтарына қатысты визалық шектеулерді қолдануының алғашқы жағдайы емес. 2025 жылдың қаңтарында Вашингтон Колумбия билігінің депортацияланған мигранттар отырған АҚШ ұшақтарын қабылдаудан бас тартқан соң Колумбия өкілдері мен олардың отбасы мүшелеріне визалық санкциялар енгізген.

Сол жылдың қазанында АҚШ Қаржы министрлігі Колумбия президенті Густаво Петроға, оның жұбайы мен үлкен ұлына, сондай-ақ елдің ішкі істер министріне санкция салды.

2025 жылдың шілдесінде Вашингтон Куба президенті Мигель Диас-Канельге, елдің қорғаныс және ішкі істер министрлеріне және басқа да шенеуніктерге қатысты визалық шектеулер енгізді. 

Тағы да оқыңыз: Енді азаматтық алу үшін Америкаға барып, бала туу қиындай түседі

Сондай-ақ оқыңыз