Астанадағы әйел өлімі: төрт полицей қамауға алынды

Астанада күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің өлімінен кейін төрт полиция қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Kriminal Kazakhstan ақпаратына қарағанда, 23 қыркүйекте үйдің жанындағы автотұрақта бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында жанжал болған.
16 рет пышақ сұққан
Тергеу материалдарына сәйкес, 1993 жылы туған Талант Камиден әйелге 16 рет пышақ сұғып өлтірген. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиғаға дейін әйел бұрынғы күйеуінің ұрып-соғуы, қоқан-лоқы көрсетуі және зорлағаны туралы полицияға бірнеше рет арызданған. Бұған дейін ер адамға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, қылмыстық істер тергелген. Сонымен қатар, 7 және 9 қыркүйекте әйел пышақпен қорқытқанын хабарлаған.
Кісі өлтіру оқиғасынан кейін ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері марқұмның бұған дейінгі арыз-шағымдарымен жұмыс істеген полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты тексеру жүргізе бастаған.
Төрт полиция қызметкері қамауда отыр
Күдіктінің өзі де бұған дейін полицияда қызмет еткен. Ол ішкі істер органдарында 2014 жылдан 2026 жылғы 29 шілдеге дейін жұмыс істеп, кейін өз еркімен қызметтен кеткен.
29 қыркүйекте Астанада бір күн бұрын теріс себептермен қызметтен босатылған төрт полиция қызметкері ұсталды. Олардың арасында «Сарыарқа» ауданының тергеушісі мен учаскелік инспекторы, сондай-ақ «Нұра» ауданының екі учаскелік инспекторы бар.
Олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында ұсталды.
Сондай-ақ оқиғадан кейін Астана қаласы ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды.
Мұның алдында Астанада ер адамның әйелін пышақтап өлтіргені белгілі болды.