Астанада егіздерінен айырылған отбасы перинаталдық орталыққа шағым түсірді

Жарияланды 29 Қыркүйек 2026 11:57

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Егіздің сыңары сепсистен көз жұмды/фото: shutterstock

Астанада Орбита ауданында орналасқан перинаталдық орталыққа қатысты шағым әлеуметтік желіде тарады. Айна Розиева жеңгесі егізге жүкті болғанын, жүктілік кезінде екі сәбидің бірінен айырылып, кейін екінші баланың да қайтыс болғанын жазды. Ол медициналық көмек көрсету кезінде дәрігерлердің әрекетіне қатысты сұрақтар бар екенін айтып, денсаулық сақтау органдарынан жағдайды тексеруді сұрады,деп хабарлайды Kursiv Media.

Айна Розиеваның айтуынша, жүктіліктің алтыншы айында ағасының отбасындағы егіздердің бірі шетінеп кеткен. Отбасы дәрігерлерден кеңес алған кезде оларға жүктілікті жалғастыруға болатынын айтқан.

Алайда бірнеше аптадан кейін жүкті әйелдің жағдайы нашарлай бастаған. Оның сөзінше, іш аймағындағы тері алдымен қызарып, кейін көк түске өзгерген. Отбасы жағдайға алаңдап, медициналық көмекке жүгінген.

«Біз дабыл қақтық. Өйткені бір бала шетінеп кеткеннен кейін тірі қалған баланы аман алып қалу керек деп ойладық. Бірақ бірден қажетті шешім қабылданбады. Алдымен дерматологқа жіберді, кейін антибиотикпен емдеді. Анализдердің нәтижелері өте нашар болған кезде ғана оны перинаталдық орталыққа жіберді», – деп жазды Айна Розиева.

Оның айтуынша, ауруханада әйелдің анализдері өте нашар болғанына қарамастан, бірнеше күн бойы шұғыл операция жасалмаған. Отбасы медициналық көмек көрсету мәселесі бойынша 109 қызметіне шағымданғаннан кейін ғана дәрігер шақырылып, жедел операция жасау туралы шешім қабылданған.

Операция барысында 31 аптада салмағы 1 келі 600 грамм болатын екінші сәби дүниеге келген. Айна Розиеваның жазуынша, бала туған кезде тірі болған және жылаған.

«Операция сәтті өтті. Екінші бала 31 аптада дүниеге келді, салмағы 1 келі 600 грамм болды. Дені сау көрінді, тіпті жылады. Операция жасаған дәрігер кәсіби түрде жұмыс істеді және баланың жағдайы жақсы екенін айтты. Бірақ, өкінішке қарай, ол бір күн ғана өмір сүрді», – деп жазды ол.

Отбасының мәлімдеуінше, сәби кейін сепсис салдарынан қайтыс болған. 

Айна Розиева отбасы үшін бұл жағдайдың өте ауыр болғанын айтып, ағасының екі ұлынан бірдей айырылғанын жазды.

«Бүгін менің ағам екі ұлын жерлеп жатыр. Біз оларды жоғалтқанымызға сене алмай отырмыз. Арлан бізбен бар болғаны бір күн болды. Анасы қазір ауруханада жатыр, қатты шаршағанын айтып отыр. Біз оның жағдайына да алаңдаймыз», – деді ол.

Оның сөзінше, отбасы перинаталдық орталықта болған жағдайға байланысты медициналық көмек көрсету сапасына баға беріліп, жауапты тұлғалардың әрекеті тексерілгенін қалайды. Сонымен қатар әйелге қажетті психологиялық қолдау көрсетілмей отырғанын мәлімдеді.

«Біз кімге жүгінерімізді, кімнен көмек сұрарымызды білмей отырмыз. Барлығымыз жүгіріп, сұрап, шағымдандық. Бірақ жауап болмады. Қазір біздің отбасы болған жағдайға объективті баға беріліп, өзге әйелдердің осындай жағдайға тап болмауын сұрайды», – деп жазды Айна Розиева.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Басқарманың мәліметінше, пациент қазіргі уақытта босанудан кейінгі бөлімде қажетті ем алып жатыр, медициналық бақылауда тұр.

«Жағдай басқарманың бақылауында. Қазіргі уақытта пациент босанудан кейінгі бөлімде жатыр, қажетті ем мен медициналық бақылау алып жатыр. Аталған жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі», – деп хабарлады ведомство.

Тағы да оқыңыз: Қазақстанда нәрестелер не себепті шетінейді – статистика

Сондай-ақ оқыңыз