Азия ойындары: 30 қыркүйекте Елдос Сметов бастаған дзюдошылар сынға түседі

Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында дзюдодан Қазақстан құрамасының жарыс бағдарламасы белгілі болды. Жекелей сын 30 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтсе, 3 қазанда аралас командалық бәсеке ұйымдастырылады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қазақстан атынан жекелей сында 14 дзюдошы – жеті ер және жеті әйел татамиге шығады. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Әбиба Әбужақынова бар.
30 қыркүйек: Сметов пен Әбиба татамиге шығады
Дзюдо жарысының алғашқы күні Қазақстан құрамасынан төрт спортшы бақ сынайды. 60 келіде Елдос Сметов, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев, әйелдер арасында 48 келіде Әбиба Әбужақынова және 52 келіде Меруерт Сәрсенова өнер көрсетеді.
Алдын ала белдесулер Қазақстан уақытымен сағат 07:00-де, финалдық блок 13:00-де басталады.
Бұған дейін жеребе қорытындысы бойынша Сметовтің бірінші айналымнан бос екені белгілі болды. Ол алғашқы кездесуін оңтүстіккореялық Ли Харимге қарсы өткізеді. Әбиба да бірінші айналымнан босатылып, Асмита Дей (Үндістан) – Ха Нгок Чи (Вьетнам) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
1 қазан: бес қазақстандық жарысқа қатысады
Екінші жарыс күні Қазақстан құрамасының бес өкілі татамиге шығады. Ерлер арасында 73 келіде Бақытжан Абдурахманов, 81 келіде Әділет Алмат сынға түседі.
Әйелдер бәсекесінде Дана Әбдірова 57 келіде, Эсмигүл Куюлова 63 келіде, Ажар Асхат 70 келіде жүлдеге таласады.
Бұл күні де алғашқы белдесулер сағат 07:00-де, финалдар 13:00-де басталады.
2 қазан: ауыр салмақтағы балуандардың кезегі
Жекелей жарыстың соңғы күні тағы бес қазақстандық өнер көрсетеді.
90 келіде Айдар Арапов, 100 келіде Марат Байкамуров, +100 келіде Ерасыл Қажыбаев сынға түседі. Әйелдер арасында Екатерина Токарева 78 келіде, Аида Тойшыбекова +78 келіде татамиге шығады.
Жарыс уақыты өзгермейді: алдын ала белдесулер 07:00-де, финалдық блок – 13:00-де басталады.
3 қазанда командалық жарыс өтеді
Дзюдо бағдарламасын 3 қазандағы аралас командалық жарыс (Mixed Team) қорытындылайды. Қазақстан құрамасы бұл бәсекеде де жүлдеге таласады.
Осылайша Қазақстан дзюдошылары Азия ойындарында төрт күн қатарынан татамиге шығады. Жекелей сында барлығы 14 қазақстандық спортшы жүлдеге таласады.
Бұған дейін Kursiv Media Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынованың Азия ойындарындағы мүмкіндігін жеке саралаған еді.