Биыл 23 млн тоннадан астам астық жинау жоспарланып отыр

2026 жылы Қазақстанда астық түсімі 23 млн тоннадан асады деген болжам бар. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Оның айтуынша, биылғы күтілетін өнім көлемі елдің соңғы 5-10 жылдағы орташа көрсеткішінен жоғары. Осы кезеңде, вице-министр атап өткендей, жыл сайынғы астық жинау орта есеппен 18-19 млн тонна айналасында болған.
Дегенмен осы маусымдағы болжам Қазақстан үшін рекордтық көрсеткішке айналған соңғы екі жылдың нәтижесінен төмен.
«Біз осы жылдың көлемі орташа көрсеткіштен жоғары болады деп жоспарлап отырмыз, бірақ ол өткен жылғыдан төменірек болады. Себебі соңғы екі жылда елде астық өндіру бойынша рекордтық көрсеткіш (27,5 млн тонна) орнатылды. Біз биыл 23 млн тоннадан сәл астам астық жинаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Назгүл Хатепова.
Қазіргі уақытта елде егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, диқандар егістік алқаптарының 83%-ын жинап үлгерді. 20 млн тоннаға жуық астық бастырылды.
Елде егін жинау науқаны шілде айында басталып кеткен еді. Биылғы жылы жалпы егістік алқабы 23,8 млн гектарды құрады.
Айта кетейік, көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 5,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 665 млрд теңге қаржы алған.