Батыс Қазақстанда 11,2 млрд теңгенің астығы заңсыз экспортталған

Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 11,2 млрд теңгенің астығын заңсыз экспорттау схемасы анықталды. Қылмыстық топ бөгде астықты «Қазақстанда өндірілген» деп рәсімдеп, Азия елдеріне арзан тарифпен жөнелткен. Салдарынан мемлекет пен «ҚТЖ» компаниясына 2,2 млрд теңгеден астам шығын келді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті астықтың сұр импортына қатысты схеманың жолын кесті.
Тергеу дерегінше, импортталған астық кейін Қазақстанда өндірілген өнім ретінде Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспортталған.
«Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған. Жеткізілімдер Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға жүзеге асырылған», – делінген ҚМА дерегінде.
Заңсыз схема қалай жүзеге асқан?
Схеманы іске асыру үшін алдын ала жалған басшылардың атына коммерциялық ұйымдар тіркелген. Кейін бұл компаниялар мен отандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алуға қатысты жалған шарттар рәсімделген. Осылайша астыққа Қазақстанда өндірілген өнім түрі беріліп, оны тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған.
Атап айтқанда, астық экспортына қатысты схемада «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» ЖШС-лары пайдаланылған.
Транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-не 1 млрд теңге залал келтірген.
Сонымен қатар күдіктілер салықтан жалтару және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындамас үшін экспорттаушы компанияларының шотындағы ақшаны басқа фирмаларына аударып, соңынан банкроттыққа өтініш берген.
Аталған әрекет салдарынан мемлекетке 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірген.
«Іс бойынша бес адам күдікті деп танылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті», – деп хабарлады агенттік.
Бұған дейін Ақтөбе облысында «Kazenergy» жеке кәсіпкерлігінің басшысы сапасыз пеш отынын өндіріп, одан 778 млн теңге заңсыз пайда тапқан. Ол істеген әрекеттеріне сәйкес 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды.