Халық саны 3,6 млн адамға жетеді: Алматының жаңа бас жоспары жарияланды

Алматыда 2040 жылға қарай 3,6 млн адам тұрады. Соған сәйкес қаладағы көшелер ұзартылып, тұрғын үй саны артады. Мұның бәрі қаланың бас жоспарында көрсетілген.
Қала мәслихаты 28 қыркүйекте жаңа бас жоспарды талқылады. Содан кейін «Вечерний Алматы» газеті бас жоспар мәтінін жариялады.
Демографияға келсек, халық саны 2025 жылы 2,2 млн адамды құрады. Жоба бойынша 2030 жылы 2,7 млн адам болады; 2040 жылы 3,6 млн адамға жетеді.
Алматының 2,2 млн адамға тұрғын үй қоры 57 456,8 мың м2, яғни бір тұрғынға 25,06 м2-дан келеді. Жоспар бойынша осы көрсеткіш бір адамға 26,48 м2-ға жетеді.
2025-2040 жылдар аралығындағы жалпы ауданы 45 907,0 мың м2 болатын тұрғын үй салынады.
Қаланың дамуы
Қала бес бағытта дамиды. Олар:
Солтүстік – өнеркәсіптік аймақтар мен тозығы жеткен тұрғын үй қорын қайта дамыту, рекреация және көгалдандыру (Үлкен Алматы каналы бойында, Баума тоғайы), қызмет көрсету саласы.
Бұл Жетісу және Түрксіб ауданының бір бөлігін қамтиды.
«Өнеркәсіптік аймақтар мен тозығы жеткен тұрғын үй қорының орнында жаңа үлгідегі құрылыс пайда болады», – делінген бас жоспарда.
Шығыс қақпасы – логистикалық хаб, көрмелер мен ойын-сауық (әуежай ауданында), медицина және фармацевтика.
Бұл жерде «Жетісу» базарын жаңғырту, «Апорт», Leroy Merlin және «Астана Моторс» автосалонын кеңейту және табиғи аймақты абаттандыру бар.
Тарихи орталық – туризм, мәдениет және дамыған қызмет көрсету саласы.
Бұл жерде тарихи ғимараттарды қалпына келтіру және мәдени маңызы бар орындарды абаттандыру бағдарламасын қабылдау қажет екені айтылған.
Кеңестік кезеңдегі тұрғын үйлердегі шамамен 60%-ға тозған инженерлік желілерді жаңартылады.
Батыс – ірі индустриялық кәсіпорындар, көлік-логистикалық хаб.
«Кәсіптік-техникалық колледждер мен жас мамандарға арналған жалдамалы тұрғын үй/жатақханалар салу;
Жаңа тұрғын үй кешендерін, саябақтарды, іскерлік және сауда нысандарын салу», – делінген құжатта.
Оңтүстік-батыс – шағын индустриялық парктер, сауда, логистика.
«Алтын Орда» базарын агроөңдеу нысандары бар қалалық көтерме-тарату орталығына айналдыру; сауда-логистикалық және іскерлік орталықтар құру; ірі көлік-өткізу торабын салу, «Батыс» автовокзалы, метро және LRT станцияларын салу кіреді”, – делінген бас жоспарда.
Көлік
Көлік және жол инфрақұрылымы 2030 жылға дейін және 2040 жылға дейін дамиды. Халық санының 3,6 миллион адамға дейін өсуі, қала шекарасының кеңеюіне байланысты қала тұрғындарының жеке автокөлікке тәуелділігін азайту қажет.
Сондай-ақ метрополитеннің ұзындығын 2030 жылға қарай 13,4 шақырымнан 35 шақырымға дейін, ал 2040 жылға қарай 123,6 шақырымға дейін ұлғайту жоспарланған.
Қалада алғаш рет жеңіл рельсті көлік енгізіледі: ұзындығы 31 шақырым болатын алғашқы LRT желісі батыс аудандарды «Алматы-2» вокзалымен және «Батыс» және «Шығыс» көлік-өткізу тораптарымен байланыстырады. 2040 жылға қарай желі ұзындығы 79 шақырымға жетеді.
Бұған дейін Алматыдағы LRT құрылысына 61,4 млрд теңге бөлінетіні хабарланған. Ұзындығы 18,3 км болатын LRT жобасының бірінші кезеңі 2027 жылдың желтоқсанында аяқталады.
Айта кетейік, Алматыда LRT-ның бірінші кезеңі 2027 жылдың желтоқсанында аяқталады. Екінші кезеңінде қоғамдық көлікті Төле би көшесі арқылы «Барлық» базарына дейін ұзарту жоспарланған.