Ханчжоуда бір қадам жетпеді: дзюдошы Әбиба Әбужақынова Азия алтынына қайта таласады

30 қыркүйекте Аичи–Нагоя Азия ойындарында дзюдодан жарыс басталады. Алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта татамиге шығады, деп хабарлайды Kursiv.Media
Әбиба үшін Азия ойындарының алтыны – мансабындағы әлі бағынбаған биіктердің бірі. Үш жыл бұрын Ханчжоуда финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде жапониялық Нацуми Цунодаға жол берген еді.
Одан бері қазақстандық дзюдошының деңгейі әлдеқайда өсті. Әбиба 2024 жылғы әлем чемпионатында қола, 2025 жылғы әлем біріншілігінде күміс алып, әлем чемпионаттарындағы жүлде санын үшке жеткізді. 2025 жылдың қыркүйегінде тіпті әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді.
Жапонияда атақты қарсыласы Цунода жоқ. Бірақ бұл Әбибаның алтынға барар жолы жеңілдеді дегенді білдірмейді. Азияда 48 келіде жаңа қарсыластар алға шықты.
Үш әлем чемпионаты – үш медаль
Әбужақынованың басты ерекшелігі – ірі жарыстардағы тұрақтылығы.
2022 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында Әбиба қола алды. 2024 жылы Абу-Дабиде тағы үшінші орынға көтерілді. Ал 2025 жылғы Будапешт әлем чемпионатында бір қадам алға басып, финалға жетті.
Осылайша соңғы төрт әлем чемпионатының үшеуінде жүлде алды. Бұл нәтиже Әбибаның бірнеше маусым бойы 48 келінің әлемдік элитасында жүргенін көрсетеді.
Жапония Цуноданың орнына Кондоны шығарды
Ханчжоудағы Азия ойындарының финалында Әбибаны тоқтатқан Нацуми Цунода бұл жолы жарысқа қатыспайды. Жапония 48 келіде жас Мицуки Кондоға сенім артқан.
Кондо соңғы уақытта қарқынды өсіп келе жатқан дзюдошылардың бірі. Ол 2025 жылы Париж Grand Slam және Ұлан-Батыр Grand Slam жарыстарында жеңіске жетті. Биыл Upper Austria Grand Prix турнирінде де алтын алды.
Мицукиге қатысты тағы бір қызық дерек бар. Ол 60 келіде өнер көрсететін Хаято Кондоның туған қарындасы. Хаято да осы Азия ойындарында Жапония құрамасының намысын қорғайды және Елдос Сметовтің салмағындағы басты қарсыластардың бірі. Осылайша 30 қыркүйекте Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова – бір күнде жапониялық ағалы-қарындас Кондолармен бір салмақта алтынға таласады.
Мицуки үшін тағы бір артықшылық – Азия ойындарының өз елінде өтуі. Сондықтан қазіргі формасы мен үй татамиінің факторын ескерсек, ол Әбибаның алтын жолындағы ең қауіпті қарсыластарының бірі болуы мүмкін.
Моңғолиялық тәжірибелі қарсылас
Моңғолия 48 келіде Наранцэцэг Ганбаатарды алып келді.
31 жастағы Ганбаатар – Әбиба секілді халықаралық татамиде ұзақ жылдан бері жүрген тәжірибелі спортшы. Биыл ол Астанадағы Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысының финалына шығып, күміс жүлде алды.
2025 жылғы Абу-Даби Grand Slam турнирінде Әбиба моңғолиялық дзюдошыны жеңген.
19 жастағы өзбекстандық дзюдошы
Өзбекстандық Лазиза Хайдарова да 48 келідегі танылып келе жатқан есімдердің бірі.
Ол небәрі 19 жаста. Соған қарамастан биылғы Азия чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс алды.
Хайдарованың әлеуетін көрсететін тағы бір нәтиже бар. Ташкент Grand Slam турнирінде ол әлем чемпионы Ассунта Скуттоны алғашқы айналымда жеңіп, жарыстың басты сенсацияларының бірін жасады.
Әбиба тәжірибесі жағынан өзбекстандық спортшыдан айқын басым. Бірақ Хайдарова секілді жас қарсыластардың ерекшелігі – олардан не күтетінін болжау қиынырақ.
Әбибаның алғашқы қарсыласы кім?
Азия ойындарының жеребесі Әбиба Әбужақынованы негізгі қарсыластарының басым бөлігінен бөлек орналастырды. Қазақстандық дзюдошы D тобына түсіп, алғашқы айналымнан босатылды.
Әбиба жарысты үндістандық Асмита Дей мен вьетнамдық Ха Нгок Чи арасындағы белдесудің жеңімпазына қарсы бастайды. Егер алғашқы кездесуінен өтсе, ширек финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Лин Чэнь-Хаомен жолы түйісуі ықтимал.
Ал Әбибаның басты қарсыластарының қатарындағы жапониялық Мицуки Кондо, моңғолиялық Наранцэцэг Ганбаатар және өзбекстандық Лазиза Хайдарова тордың екінші жартысына түсті. Сондықтан қазақстандық дзюдошы олардың біреуімен финалда ғана кездесуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Елдос Сметовтің Азия ойындарындағы басты қарсыластары кімдер