Өзбекстанда балаларға қорлық көрсеткендер өмір бойына сотталады

Өзбекстанда балаларға қорлық көрсеткендер өмір бойына сотталады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Өзбекстан Заң шығару палатасы 14 жасқа толмаған балаларды зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат әлі екі оқылымнан өтуге тиіс.
Қабылданып жатқан жаңа заң жобасына сәйкес, педофилия үшін жауапкершілік едәуір қатаңдатылады. Құжатта 14 жасқа толмаған балаларға қатысты ауыр қылмыс жасаған тұлғаларды ұзақ мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен бірге, мұндай қылмыстар бойынша ескіру мерзімі жойылады, бұл кінәлілердің уақыт өтсе де жауапкершіліктен құтылуына жол бермейді.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша аталған қылмыс үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Елде мұндай қылмыстар үшін жазаны қатайту туралы талап Наманган облысындағы балабақшада 5 жасар қызға жасалған зорлық-зомбылық оқиғасынан кейін күшейді.
Қазіргі уақытта аталған мекеменің шаруашылық меңгерушісі тұтқындалған.
Оқи отырыңыз: Өзбекстанда ерлі-зайыпты қарыздарынан құтылу үшін 14 жастағы ұлын сатпақ болған