Қазақстан мен Германия 2 млрд доллар инвестициялық келісімге қол қойды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия канцлері Фридрих Мерцтің келіссөздері барысында жалпы құны шамамен 2 млрд доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Мемлекет басшысы Германияны Қазақстанның Еуропадағы сенімді стратегиялық серіктесі деп атады. Оның айтуынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстар тұрақты дамып келеді.
«Келіссөздер аясында жалпы құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімшарттар тиімді жүзеге асырылса, екі елдің ынтымақтастығы бекемделе түсетіні анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынасқа келесі жылы 35 жыл толатынын атап өтті. Осы кезеңде екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасы қалыптасып, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл кеңейген.
Кездесуде тараптар аймақтық және жаһандық мәселелерді де талқылаған. Сондай-ақ «Орталық Азия – Германия» форматындағы диалогті одан әрі дамытуға уағдаласты.
«Қазақстан Германиямен ұзақмерзімді, өзара тиімді және нақты нәтижеге негізделген стратегиялық серіктестікті күшейте түсуге ниетті», – деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, осыған дейін президенттердің шағын құрамда келіссөз өткізгені туралы жазған едік.