Қазақстанда жерасты суының 4803 кен орны барланды

Бүгінде Қазақстанда жерасты суының 4 803 кен орны мен учаскесі барланған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, жерасты суының болжамды ресурстарының жалпы көлемі – тәулігіне 176,1 млн текше метр. Бұл барланған пайдалану қорынан төрт еседен астам көп.
2026 жылдың соңына дейін «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі іздестіру-бағалау жұмыстары бойынша 38 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Ал 2027-2029 жылдары 88 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Бұдан бөлек, ҚР 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында иесіз, суы өздігінен атқылайтын гидрогеологиялық ұңғымалардың санын азайту көзделген. Жыл соңына дейін 10 жоба аясында 54 ұңғыманы жою және Атырау, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Ұлытау облысында 698 ұңғыманы тексеру жоспарланып отыр.
Суармалы егіншілікте заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл басынан бері мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде мұндай технологиялар енгізілген жер көлемі 158,8 мың гектарға ұлғайды. Нәтижесінде олардың жалпы қамту аумағы 702,3 мың гектарға жетті.
Айта кететін жайт, жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Имран Османов Алматыда су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескерткен еді.