Ресей де қара жамылды: зауыттағы өрттен 14 адам қайтыс болды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Ресей ТЖМ

Ресейдің Ярославль облысында пиротехника шығаратын зауытта өрт шығып, 14 адам қайтыс болды, 15 адам зардап шеккен. Аймақта 30 қыркүйек аза тұту күні болып жарияланды, деп хабарлайды Kusiv.Media.

Төтенше жағдай Переславль-Залесский округіне қарасты Кубринск ауылында болған. Ярославль облыстық ТЖМ мәліметінше, өрт екі ғимаратты шарпыған. Өрт кезінде онда сақталған пиротехника бірінен соң бірі жарылып, салдарынан ғимараттардың қабырғалары мен төбесі ортасына түскен. Қазір өрт толығымен сөндірілді, құтқарушылар іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Оқиғаға байланысты округте аймақтық деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді.

Қаралы күн

Ярославль облысында 30 қыркүйек қаза тапқандарды еске алу үшін қаралы күн деп жарияланды. Мемлекеттік орган ғимараттарында тулар түсіріліп, телерадиокомпаниялар мен мәдениет мекемелеріне ойын-сауық бағдарламалары мен шаралар тоқтатылады.

Аймақ билігі қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қаржылай, медициналық әрі психологиялық көмек көрсетуге сөз берді.

«Жағдайды жеке бақылауымда ұстап отырмын. Апаттың себептерін міндетті түрде анықтап, кінәлілерді жауапқа тартамыз», – деді Ярославль облысының губернаторы Михаил Евраев.

Ресей Тергеу комитеті өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер өрттің шығу себептері мен оқиғаның мән-жайын анықтайды.

Еске салайық, Маңғыстаудағы 14 сарбаздың өліміне байланысты 25 қыркүйекте Қазақстанда да Қаралы күн жарияланған еді.

Оқи отырыңыз: Маңғыстаудағы 14 сарбаздың өлімі: төрт күннің хронологиясы

Сондай-ақ оқыңыз