Шаруаларға несие алу жеңілдейді: «Даму» қарыздың 85%-ына дейін кепілдік береді

Кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз шаруаларға несие алу жеңілдейді. Қазір «Даму» қоры арқылы фермерлерге қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру тетігі жұмыс істеп тұр. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Шаруаларды қаржыландырудың тағы бір тетігі – форвардтық сатып алу. Бұл жағдайда фермер болашақта өндіретін өнімін алдын ала келісімшарт арқылы сата алады.
Биыл осындай келісімдер бойынша 32 млрд теңгеге 480 мың тонна ауыл шаруашылығы өніміне келісімшарт жасалған.
Осы тетік шаруаларға өнімін өткізуді алдын ала жоспарлап, егіс жұмыстарына қажетті қаржыны ертерек алуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, шаруаларға арналған «Кең дала 2» бағдарламасына өтінімдер 1 қазанда басталады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алған қаражатты жаңа маусымға дайындыққа, соның ішінде қажетті ресурстарды сатып алуға, техниканы жөндеуге және негізгі шығындарды жоспарлауға пайдалана алады.