Сұлтан Сәрсемәлиев «Қара бүркітке» жіберілмейтін болды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
атырау
Сәрсемәлиев колонияға жіберілді/фото: Youtube-канал KURSIV MEDIA, бильд-редактор: Дастан Шанай

Атырауда өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиев Жезқазғандағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберілді. Бұл туралы «Ақ жайық» сайты жазды. 

Редакцияның хабарлауынша, Сұлтан Сарсемәлиев колонияға 19 қыркүйекте жіберілген.

Бұған дейін оның Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» мекемесіне жіберілуі мүмкін екені айтылды. Себебі елде өмір бойына сотталғандар жазасын өтейтін жалғыз мекеме осы болған. Қазір Жазқазғандағы колония өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандарды ұстау үшін қайта жабдықталып жатқаны белгілі болды.

Қазір «Қара бүркітте» өмір бойына сотталған 200-ден аса адам жазасын өтеп жатыр. Оларға тәулігіне кететін шығын шамамен 2 мың теңгеден асады. Оған сотталғанның тамағы және коммуналдық-тұрмыстық қызметке жұмсалатын қаражат кіреді.

Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандардың ішінде ең егде жастағы сотталған 76 жаста болса, ең жасы небәрі 20 жаста. 200-ден аса адамның ішінде 8 адамның жазасын өтеп жатқанына 25 жылдан асқан. 

Төрт адамның өлімі

Іс материалдарына сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев 2025 жылдың мамырында жалдап тұрған үйінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтірген. Кейін мәйітін үйдің маңына көміп, жақындары күмәнданбас үшін оның атынан хабарламалар жазып отырған.

Сол жылдың қазанында Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де өз үйінде пышақтаған. Жерді 1 метр 30 сантиметр етіп қазып, екі адамның мүрдесін сол жерге көмеді.

Осыдан кейін бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны ертіп Атырауға барған. Қалада қайын апасы Мейрамгүлді де пышақтап өлтіріп, мәйітін Наурыздың жанына көмген.

Сұлтан Сәрсемәлиевке сот үкімі  14 шілдеде шықты. Ол үкімге шағым түсірмеген. Сот үкімі қыркүйектің басында күшіне енді.

Сондай-ақ оқыңыз