Тоқаев Германия президентіне «Алтын Қыран» орденін табыстады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Тоқаев Германия президентіне «Алтын Қыран» орденін табыстады / Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Марапаттау рәсімінде Тоқаев Штайнмайердің Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

«Президент мырза, Сізді Қазақстанның адал әрі сенімді досы, халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде жоғары бағалаймыз. Қазақстан мен Германия арасындағы достықты нығайтуға, ынтымақтастығымызды жандандыруға қосқан қомақты үлесіңізді ескере отырып, Сізге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыстаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі ел басшысы кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуде саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Тоқаев Германияны Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі деп атап өтті. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,5 млрд долларға жеткен. Қазақстанда неміс капиталы қатысатын 1400-ден астам компания жұмыс істейді, ал соңғы 20 жылда Германиядан тартылған инвестиция көлемі 8 млрд доллар болған.

Өз кезегінде Франк-Вальтер Штайнмайер екі ел арасындағы достық байланыстардың алдағы жылдары да нығая беретініне сенім білдірді.

«Қазақстанға сапарымды ықыласпен еске аламын. Екі елдің мызғымас достық байланыстары ұзақ жылдарға ұласатынына сенімдімін», – деді Германия президенті.

Айта кетейік, осыған дейін президенттердің шағын құрамда келіссөз өткізгені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз