Тоқаев қазақ-неміс инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды

Жарияланды 29 Қыркүйек 2026 14:54

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Қазақстан Германия мен Еуропа капиталын тартатын қаржылық платформа құруға мүдделі /Фото: Ақорда

Президент қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды. Бұл бастаманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші іскерлік қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда Германия мен Еуропа капиталын тартуға мүмкіндік беретін арнайы қаржылық платформа құру маңызды. Бұл тетік Қазақстан тарапының бірлесіп қаржыландыруы, кепілдік беруі және тәуекелдерді бірге қабылдауы арқылы жүзеге асуы мүмкін.

«Бәйтерек» холдингі бұл ретте мақсатты жобаларды құрылымдауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Қазақстан экспортты кредиттеу және инвестицияларды сақтандыру саласында жұмыс істейтін Германияның қаржы институттарымен ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі.

Президент Германияның Euler Hermes компаниясымен ынтымақтастыққа да ерекше мән берілетінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды шикізат материалдары саласындағы әріптестікті дамытудың маңыздылығына тоқталды. Қазақстан Германияның Шикізатпен қамтамасыз ету қорымен байланыс орнатуға және Германия өнеркәсібіне қажетті шикізатты жеткізуге мүмкіндік беретін жобаларды іске асыруға мүдделі.

Бұдан бөлек, энергетика мен өнеркәсіп секторларын жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және «жасыл» сутегі жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне басымдық берілмек.

Мемлекет басшысының айтуынша, Еуропа инвестициялық банкі мен Қазақстанның Даму банкі Германия капиталының қатысуымен аталған бағыттардың барлығында өзара тиімді жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барған.

Сондай-ақ оқыңыз