Әбиба Әбужақынова Азия ойындарының финалына шықты

Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының финалына жолдама алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
48 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан қазақстандық спортшы жартылай финалдағы қарсыласын жеңіп, Азия ойындарының алтыны үшін күресуге мүмкіндік алды.
Әбиба турнирді ширек финалдан бастаған. Алғашқы белдесуінде Үндістан өкілі Асмита Дейді небәрі 25 секундта иппонмен жеңіп, жартылай финалға өткен еді.
Осылайша Әбужақынова қатарынан екінші Азия ойындарында финалға шығып отыр. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында ол финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде жапониялық Нацуми Цунодаға есе жіберіп, күміс жүлде алған. IJF ресми статистикасында да Әбибаның Ханчжоудағы нәтижесі екінші орын ретінде көрсетілген.
29 жастағы Әбужақынова әлем чемпионаттарында да үш рет жүлде алған. 2022 және 2024 жылдары қола медаль иеленсе, 2025 жылғы Будапешт әлем чемпионатында финалға шығып, күміс жүлдегер атанды.
Енді қазақстандық дзюдошы Ханчжоуда бір қадам жетпей қалған Азия ойындарының алтыны үшін белдеседі. 48 келідегі финалдық ойындар Қазақстан уақытымен сағат 13:00-де басталады.