Ақтөбе облысы шағын авиацияны дамыту үшін L-410 ұшақтарын сатып алады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Ақтөбе облысы шағын авиацияны дамыту үшін L-410 ұшақтарын сатып алады
Ақтөбе облысы шағын авиацияны дамыту үшін L-410 ұшақтарын сатып алады / фото: omnipolgroup.cz

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Чехтің Omnipol Defence a.s. компаниясының басшылығымен шағын авиацияны дамыту үшін L-410 ұшақтарын сатып алу жоспарын талқылады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Өңір басшысының сөзінше, қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру мәселелері Өнеркәсіпті дамыту қорымен бірлесіп пысықталып жатыр.

«Облыста шағын авиацияны дамыту жобасымен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біз үшін әуе кемелерін жеткізу, мамандарды даярлау және қажетті инфрақұрылымды құру мәселелерін кезең-кезеңімен шешу маңызды. Бұл жобаны іс жүзінде жүзеге асырып, өңірлік әуе қатынасын жолға қоюға мүмкіндік береді», – деді Асхат Шахаров.

Өз кезегінде Omnipol өкілдері ұшу және техникалық құрамды даярлау ісіне қатысуға әзір екендерін айтты.

L-410 ұшақтары Қазақстанда қазірдің өзінде пайдаланылып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылдан бері L-410 UVP-E20 үлгісіндегі екі әуе кемесі Ақтөбе қаласында базаланып, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Қазавиақұтқару» АҚ-да L-410 NG үлгісіндегі тағы төрт ұшақ бар.

L-410 – 19 жолаушыға дейін тасымалдауға арналған турбовинтті ұшақ. Ол шағын және орта қашықтықтағы әуе тасымалдары үшін қолданылады.

Бұл үлгідегі ұшақтар салыстырмалы түрде қысқа ұшу-қону жолақтары бар аэродромдарда пайдаланылуы мүмкін. Бұл жергілікті әуежайлар желісін дамыту үшін маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз