NEGE редакциясы Азат Перуашев туралы материалдарға қатысты мәлімдеме жасады

Азат Перуашевқа қатысты жарияланған материалдар жөнінде NEGE редакциясы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
NEGE бас редакторы Аделаида Ауеспекованың сөзіне қарағанда, Telegram желісінде NEGE-нің ресми арнасын толықтай дерлік қайталайтын жалған арна пайда болған.
«Тіпті жазылушылар саны да бірдей. Бұл арнаға біздің жариялағандарымыз, безендірілу үлгісі және бекітілген хабарламалар көшірілген. Сондықтан бір қарағанда жалған арнаны түпнұсқадан ажырату шынымен қиын», – дейді ол.
Оның жазуынша, шамамен үш күн бұрын редакция ресми Telegram-арнадағы күмәнді белсенділікті байқапты. Бір тәуліктің ішінде арнаға боттарға ұқсайтын жүзден астам аккаунт жазылған. Сонымен қатар қаралым саны да артқан.
«Енді біз көшірме арнада Азат Перуашев туралы NEGE тамыз айында жариялағандай етіп рәсімделген жазба пайда болғанын анықтадық. Шын мәнінде, редакция мұндай материалды әзірлеген де, жариялаған да емес. Бүгін осы жалған арнада дәл осы тақырыпқа қатысты тағы бір жарияланым пайда болды», – делінген мәлімдемеде.
NEGE редакциясы материалдарға еш қатысы жоқ екенін жариялады.
«Біз оларды дайындаған да, Nege.kz сайтында да, Nege.Aqsha және Nege.kz Telegram-парақшаларында да, сондай-ақ TikTok, YouTube және Instagram желілеріндегі ресми парақшаларымызда да жариялаған жоқпыз», – делінген мәлімдемеде.
Редакция жалған арнаны кім құрғанын және жүргізіп отырғанын анықтау, сондай-ақ NEGE атынан жалған жарияланымдар таратылуына құқықтық баға беру үшін құзырлы органдарға жүгінуді жоспарлап отырғанын айтты.
Алайда редакция «жалған» делінген арнаны көрсетпеді.
Айта кететін жайт, «тұпнұсқадан ажыратуы қиын» ақпарат көзінде «Ақ жол» партиясының бұрынғы қызметкері деп таныстырған әйелдің Перуашевтан қысым көргені айтылған еді.