Депутат әскери оқу-жаттығуды дрон арқылы бақылап отыруды ұсынды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Депутат бірқатар ұсыныс айтты/фото: қорғаныс министрлігі

Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, оқу-жаттығуларға бірыңғай цифрлық қауіпсіздік жүйесін енгізуді ұсынды. 

«Оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алу қажет. Әр қатысушыда жеке электронды белгі болғаны жөн. Бұл оның орналасқан жерін кез келген уақытта анықтауға мүмкіндік береді», – дейді депутат.

Сөзінше, оқу-жаттығуға қатысушының геолокациясын көрсететін арнайы құрылғы берілуге тиіс. Құрылғы адамның нақты орнын анықтап қана қоймай, қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберуі керек. Адам құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруге тиіс.

Одан бөлек адамның физиологиялық жағдайын бақылайтын құрылғы енгізуді ұсынған.

«Құрылғы жүрек соғысы сияқты негізгі көрсеткішті бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы және теңіздегі толқын туралы ақпарат бір орталыққа үздіксіз түсіп тұруы керек. Қауіп деңгейі артқан жағдайда оқу-жаттығудың қауіпті бөлігі дереу тоқтатылуға тиіс», – дейді депутат Аббат Өрісбаев.

Депутат Үкіметтен осы бағытта барлық мемлекеттік органдардың жұмысын қайта қарап, қауіпсіздік талабының орындалуын тексеруді сұрады.

«Үш ай ішінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын әзірлеп, оны алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізген жөн. Нәтижесі оң болған жағдайда стандартты барлық өңірге енгізу қажет. (…) Оқу-жаттығу адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек. Оның басты мақсаты – төтенше жағдайда адамды аман алып қалуға үйрету», – делінген депутаттық сауалда.

Маңғыстау облысында 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз қайтыс болды, үш сарбаз аман қалды.

Осы оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») негізінде қылмыстық іс қозғалды.

27 қыркүйекте Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз