Депутат тұрғын үй бағдарламаларын халықтың табысына қарай қайта қарауды ұсынды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Депутат тұрғын үй бағдарламаларын қайта қарауды сұрады
Депутат тұрғын үй бағдарламаларын қайта қарауды ұсынды \ фото: shutterstock

«Әділет» партиясының фракциясы елдегі тұрғын үйдің қолжетімділігін халықтың шынайы табысы мен отбасылық бюджетіне түсетін жүктемеге қарай бағалауды ұсынды. Бұл туралы депутат Бөріхан Нұрмұхамедовтің премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Депутаттың айтуынша, «Әділет» партиясының бағдарламасында 2031 жылға қарай қазақстандықтарды әр адамға шаққанда 30 шаршы метр болатын сапалы және қауіпсіз тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін арттыру көзделген.

«Бұл ипотека қолжетімділігін дамыту, сатып алу құқығымен жалға беру, үлескерлердің құқықтарын қорғау және тозығы жеткен тұрғын үйді реновациялау арқылы жүзеге асырылады», – дейді депутат.

Қойылған мақсатқа қол жеткізу отбасының тұрғын үйді сатып алу немесе жалға алу үшін нақты мүмкіндіктері болған жағдайда ғана жүзеге асады.

2026 жылдың тамыз айында тұрғын үйді жалға беру құны жылдық мәнде 17,1%-ға қымбаттады. Ал бірінші тоқсанда халықтың нақты жан басына шаққандағы табысы небәрі 0,1%-ға ғана өскен.

2025 жылдың қорытындысы бойынша медиандық жалақы 317 мың теңгені құрады. Ал елдегі ең көп жұмысшылардың қолына тиетін нақты жалақы небәрі 116 мың теңгені құрайды.

Әлемдік тәжірибе не дейді?

Сонымен қатар депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталып өтті. Мысалы, Ұлыбританияда тұрғын үйдің медиандық бағасы мен медиандық жалақы салыстырылады. Еуропалық одақ елдерінде тұрғын үйге жұмсалатын шығыны қолда бар табыстың 40%-ынан асатын азаматтардың үлесі есептеледі.

Канадада тұрғын үй бір мезгілде құны, сапасы және аумағының жеткіліктілігі бойынша бағаланады.

АҚШ-та тұрғын үйге табысының 30%-дан және 50%-дан астамын жұмсайтын отбасылар жеке есепке алынады. Сингапур мен Ирландия қарыз алушының табысына қатысты ипотекалық және қарыз жүктемесін шектейді.

Депутаттың ұсыныстары

«Өңірлік тұрғын үй қолжетімділігінің ресми жүйесін енгізу қажет. Есептеулердің негізіне отбасының медиандық табысы алынып, баспана құны нақты мәмілелер мен нарықтық шарттар бойынша есептелуі тиіс», – дейді ол.

Осыған байланысты Үкіметтен төмендегі мәселелер бойынша ресми ұстанымын білдіруді сұрады:

  1. Бірыңғай әдістемені бекіту мүмкіндігін бағалап, үш ай ішінде өңірлер бойынша пилоттық есептеулерді ұсыну;
  2. 2027 жылдан бастап есептеу алгоритмдері ашық цифрлық панель арқылы тоқсан сайын жариялануын қамтамасыз ету;
  3. Жеңілдікті ипотека мен бағдарлама шарндарын әр өңірдегі баспананың нақты қолжетімділік деңгейіне байлау;
  4. Қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларының отбасылардың нақты шығындарын азайтқанына бағалау жүргізу.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік баспана бөлу тәртібі өзгерді: кімдерге басымдық беріледі

Сондай-ақ оқыңыз