Каспийде аман қалған сарбаздың әкесі жағдайды қалай естігенін айтып берді

Маңғыстау облысында 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз қайтыс болды, үш сарбаз аман қалды. Kursiv.Media түсірілім тобы оқиға болған жерге барып, сарбаздардың туыстарымен сөйлесіп көрді.
Аман қалғандардың бірі – 29011 әскери бөлімінің матросы Ақжол Темірхан. Ақжолдың әкесі Тимур Қыдырниязов оқиға туралы жұмыста отырған кезде естіген.
«Жұмыста отырғанда интернет арқылы білдім. Әйеліме хабарласып, оқиғаның мән-жайын білу үшін Ақтауға баруын сұрадым. Ұлымыздың ол жерде бар-жоғын білмедік. Бастапқыда ешкімнің аты-жөні жарияланбады. Содан кейін ұлымның жансақтау бөліміне жатқызылғанын білдім», – дейді Тимур Қыдырниязов.
Ер адам оқиғаның мән-жайын білмейтінін, сол себепті қазір ешкімді айыптай алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ қайтыс болған сарбаздардың туған-туыстарына көңіл айтты.
Оқиғадан кейін Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») негізінде қылмыстық іс қозғалды.
27 қыркүйекте Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.