Киберқылмысқа қарсы күрес: Қазақстан қандай елдермен ынтымақтастықты күшейтеді

Құрылтай Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялады. Құжат компьютерлік жүйелердің, желілер мен деректердің құпиялылығын, тұтастығы мен қолжетімділігін бұзуға, сондай-ақ оларды заңсыз пайдалануға байланысты қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
2001 жылғы 23 қарашада Будапештте жасалған конвенция ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күреске бағытталған алғашқы халықаралық шарт болып саналады. Бүгінде оған АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония, Ұлыбритания және Еуропа мемлекеттерін қоса алғанда, 80-нен астам ел қатысады.
Құрылтай депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, конвенцияға қосылу киберқылмыстың трансшекаралық сипатымен байланысты. Қылмыс жасаған адам, жәбірленуші, сервер, провайдер және тергеуге қажетті электрондық деректер әртүрлі мемлекеттерде орналасуы мүмкін. Сондықтан мұндай істерді тергеуде халықаралық өзара іс-қимылдың жеделдігі мен цифрлық дәлелдемелерді уақтылы сақтау маңызды.
«Конвенция компьютерлік қылмыстар бойынша ынтымақтастық пен электрондық дәлелдемелермен жұмыс істеудің бірыңғай құқықтық тәсілдерін қалыптастырады. Оның Қазақстан үшін практикалық маңызы – қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарымен заңды өзара іс-қимыл арналарының кеңеюінде», – деді Үнзила Шапақ.
Конвенцияға қосылу Қазақстанға осындай қылмыстық құқық бұзушылықтарды тиімді анықтау және тергеп-тексеру, ұлттық және халықаралық деңгейде қылмыстық қудалау жүргізу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Құжатта экстрадиция, ақпарат алмасу және бірлескен тергеу әрекеттерін жүргізуді қоса алғанда, халықаралық құқықтық көмек тетіктері қарастырылған. Бұл трансшекаралық қылмыстарды ашуда Қазақстанның мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Үнзила Шапақ конвенцияға қосылу қолданыстағы екіжақты шарттар мен құқықтық көмектің өзге де халықаралық тетіктерін алмастырмайтынын атап өтті. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық ұлттық заңнама, процестік кепілдіктер және адамның құқықтары мен бостандықтары сақтала отырып жүзеге асырылады.
«Конвенция шетелдік органдардың Қазақстан Республикасының ақпараттық жүйелеріне бақылаусыз қол жеткізуін көздемейді және мемлекеттік өкілеттіктерді шетелдік тарапқа беруді білдірмейді», – деді ол.
Тағы да оқыңыз:Қазақстан қылмыскерлерді ТМД елдері бойынша онлайн іздей алады