OpenAI компаниясының жылдық табысы 70 млрд долларға жақындады

Соңғы екі жылда жасанды интеллект саласындағы қаржы көлемі негізінен шығындар арқылы есептелген. Оған чиптер, серверлер, дата-орталықтар, электр станциялары мен желілер жатады, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Жалпы AI инфрақұрылымына жүздеген миллиард доллар бағытталып жатыр.
Axios мәліметінше, OpenAI компаниясының жылдық табыс қарқыны 70 млрд долларға жақындаған. Reuters те бұл бағалауды растап отыр.
Үшінші тоқсанның басынан бері көрсеткіш 70%-дан астам өскен, ал шілдеден бері корпоративтік сатылымдар екі еседен көп артқан.
Тұтынушылық бизнес те айтарлықтай нәтиже көрсетіп отыр. Тек үшінші тоқсанның өзінде OpenAI бұл бағыттан өткен жыл бойы тапқан табысынан да көп кіріс алған.
70 млрд доллар – компанияның қазіргі сату қарқынын бір жылға есептегендегі көрсеткіш. Бұл соңғы 12 айдағы нақты табыс көлемі емес. Дегенмен жасанды интеллект нақты кіріс әкелетін ірі нарыққа айнала бастағанын көрсетеді.
Tengonomica сарапшыларының айтуынша, бұл Қазақстан үшін де маңызды. Қазақстан АҚШ-пен ірі базалық модельдерді әзірлеуде немесе Nvidia-мен жеделдеткіш чиптер өндірісінде бәсекеге түсе алмауы мүмкін. Алайда олардың айналасында үлкен құн тізбегі қалыптасып жатыр. Оған электр энергиясы, дата-орталықтар, есептеу инфрақұрылымы, корпоративтік AI-сервистер және технологияларды дәстүрлі бизнеске енгізу кіреді.
AI бумы енді инвестиция көлемімен ғана өлшенетін кезеңнен өтіп жатыр. Келесі бағалау есептеу қуатын табысқа, ақша ағынына және өнімділікке айналдыра алу мүмкіндігіне байланысты болады.
Қазақстан үшін тиімді бағыт осы тізбектегі энергия, инфрақұрылым мен бизнестің өз қосылған құнын қалыптастыра алатын салаларды анықтау болып отыр.
Тағы да оқыңыз: OpenAI алғаш рет адамға ұқсас робот таныстырмақ