Қазақстан Ауғанстанға 21 млн долларға бидай мен май жеткізуге келісім жасады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Қазақстан Ауғанстанға 21 млн долларға бидай мен май жеткізуге келісім жасады / Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстандық компаниялар Ауғанстанға жалпы құны 21 млн доллар болатын бидай мен күнбағыс майын жеткізуге келісім жасады, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Сауда және интеграция министрлігі хабарлауынша, Герат қаласында Қазақстан мен Ауғанстан кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтіп, онда сауда көлемін арттыру және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Жиынға Қазақстаннан 12-ге жуық компания қатысты.

Келіссөздер нәтижесінде WAYSTAR және Kim Rail International компаниялары ауғандық OSMAN KHALID компаниясымен жалпы құны 11 млн доллар болатын бидай жеткізуге екі келісімшарт жасасты.

Сонымен қатар, Қазақстанның майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының қатысуымен шамамен 10 млн долларға күнбағыс майын жеткізудің баға шарттары келісілді.

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымы 2026 жылдың алғашқы жеті айында 581,1 млн долларға жеткен. Бұл 2025 жылдың толық көрсеткішінен асып түсті. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 541,6 млн доллар болған.

Қазақстанның Ауғанстанға негізгі экспортына ұн, бидай, күнбағыс майы, металл өнімдері және минералды тыңайтқыштар жатады.

Бизнес-форум аясында тараптар саудадан бөлек басқа салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге және екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланысты күшейтуге уағдаласты.

Айта кетейік, осыған дейін астық пен бидайдың Ауғанстанға экспорты 59%-ға ұлғайып, 2,2 млн тоннаны құраған еді.

Сондай-ақ оқыңыз