Тоқаев Бавария бизнесін Қазақстанда жаңа жобалар жасауға шақырды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Тоқаев Бавария бизнесін Қазақстанда жаңа жобалар жасауға шақырды / Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары барысында Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылуына қатысты. Жиында Қазақстан мен Бавария арасындағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Президент Баварияны өнеркәсіп, инженерия және жоғары технология салаларындағы жетекші өңір ретінде атап, Қазақстанның неміс бизнесімен байланысын одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін айтты.

«Неміс бизнесі елімізде мықты сапасымен, сенімділігімен және технологиялық артықшылығымен жоғары бағаланады. Бүгінде экономикалық байланыстарды тереңдетуге барлық мүмкіндік бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Бавария Қазақстанның Германиядағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Қазақстан бұл өңірге мұнай, ферроқорытпа, болат, мыс, алюминий, химиялық өнімдер, бидай және басқа да тауарлар экспорттайды.

Тоқаев Қазақстанда Siemens, Siemens Energy, Knauf, Horsch сияқты бавариялық компаниялардың жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ол машина жасау, металлургия, электр техникасы, роботтандыру және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға неміс компанияларын тартуды ұсынды.

«Өршіл мақсаттарымызды «Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай жасалған» деген қарапайым сөзбен бейнелеуге болады», – деді президент.

Сонымен қатар, тараптар микроэлектроника, жартылай өткізгіштер, маңызды шикізат, көлік-логистика және агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Тоқаев бавариялық компанияларды Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойында өнеркәсіптік және логистикалық хабтар құруға шақырды.

Президент, сондай-ақ, Қазақстанда Баварияның дуалды кәсіптік білім беру жүйесін енгізу тәжірибесіне қызығушылық барын айтты. Бұдан бөлек, Алматыда Бавария экономикасының өкілдігін ашуды ұсынды.

Айта кетейік, осыған дейін Тоқаев Бавария премьер-министрі Маркус Зёдермен кездескен еді. 

Сондай-ақ оқыңыз