Тоқаев Бавария премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары аясында Бавария премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Кездесуде Қазақстан мен Бавария арасындағы экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
«Баварияның өзіне тән ерекшелігін, экономикалық қуатын, инновациялық әлеуетін жоғары бағалаймын. Баварияны басты серіктес ретінде қарастырамын», – деді Тоқаев.
Президент Баварияның технологиялық жетістіктері мен Қазақстанның ресурстық және өнеркәсіптік әлеуетін ұштастыруға мүмкіндік мол екенін атап өтті. Оның айтуынша, екіжақты экономикалық байланыстарды дамыту үшін көлік қатынасын жақсартудың да маңызы зор.
Маркус Зёдер Баварияның Қазақстанмен жаңа ынтымақтастық бағыттарын дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бавариялық компанияларға көрсетілген қолдау үшін мемлекет басшысына алғыс айтты.
«Бавария Қазақстанмен сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі», – деді Маркус Зёдер.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария премьер-министрін Қазақстанға шақырды. Өз кезегінде Маркус Зёдер президентке мюнхендік «Бавария» футбол клубы ойыншыларының қолы қойылған жейде сыйға тартты.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келіссөз жүргізген еді.